Ақмола облысындағы № 7 мекемеде сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктері кеңейтілуде

    1 / 5

    Өндірістік алаңдарды дамыту және сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің № 7 мекемесіне жасаған жұмыс сапарының негізгі тақырыптарына айналды. Сапар барысында еңбек жағдайларына, жаңа өндірістерді іске қосу перспективаларына және медициналық көмектің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды.

    Бүгінде мекемеде 878 адам жазасын өтеп жатыр, олардың 247-сі өндірістік жұмыстарға тартылған. Мұнда сұранысқа ие өнімдер шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.

    Атап айтқанда, «Аламад-Сервис» ЖШС бөлмеаралық есіктер, «Кажибаев» ЖШС корпус жиһаздарын, «Атека» ЖК ағаштан жасалған тұғырлар мен ағаш өңдеу өнімдерін өндіреді. «Новопэк» ЖШС филиалы мен «Асыл-Арман» ЖШС сусымалы өнімдерге арналған қаптар шығарса, «Ботай» ЖК геологиялық барлау жұмыстарына арналған керн жәшіктері мен қаптар өндіреді.

    Сонымен қатар мекемеде екі тігін желісі, пішу цехы және аяқ киім цехы жұмыс істейді. Олардың базасында тігін өндірісі, былғарыдан бұйымдар, автокөлік орындықтарына арналған қаптар және басқа да өнімдер шығаратын цехтар қызмет атқарады.

    Бос өндірістік алаңдар қолданыстағы кәсіпорындардың жұмысын кеңейтуге және жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл өнім көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Сотталғандар үшін еңбекпен қамтылу – табыс табуға, кәсіби дағдыларды меңгеруге және қоғамға қайта бейімделуге дайындалуға мүмкіндік.

    Мекеменің медициналық бөлімінде профилактикалық тексерулер мен міндетті скринингтік зерттеулер жүргізіледі. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қосымша тексерулер ұйымдастырылып, науқастардың денсаулық жағдайына тұрақты бақылау жасалады.

    Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Med365 аппараттық-бағдарламалық кешені қолданылады. Оның көмегімен медициналық мекемелерге бармай-ақ, сол жерде жедел тексеруден өтуге, денсаулықтың негізгі көрсеткіштерін өлшеуге және нәтижелерді мамандардың қашықтан кеңес беруі үшін жіберуге болады. Сонымен қатар мекемеде стоматологиялық кабинет пен күндізгі стационар жұмыс істейді.

    Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында қазіргі уақытта жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысын салуға арналған жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары