2026 жылғы 21 қазан, Астана қаласы, Үкімет үйі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астанаға 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығына қатысу үшін келген Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен кездесті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуге ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты.
Бұл – ИКАО Бас хатшысының Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы ресми сапары.
Кездесу барысында Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Экономиканың барлық басым бағыттарында тұрақты ілгерілеуді қамтамасыз етуге бағытталған елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, авиациялық хабтарды қалыптастыруға және елдің транзиттік рөлін нығайтуға айрықша көңіл бөлетінін атап өтті. ИКАО-мен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласы үшін стратегиялық маңызға ие.
Хуан Карлос Саласар Қазақстанның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстан ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына кіреді. Елдің көрсеткіші 95,7%-ды құрайды.
ИКАО Бас хатшысы Қазақстанның әуежай және аэронавигациялық инфрақұрылымды дамыту мен нығайту бағытында маңызды шешімдер қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елдің әуекомпаниялары әуе кемелері паркін жаңғыртып, халықаралық маршруттар желісін кеңейтуде.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан азаматтық авиациясының дамуындағы оң серпінді атап өтті. Соңғы бес жылда авиация саласының жалпы шығарылымы 6,5 есе өсіп, 2,9 млрд. АҚШ долларына жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әуежайлардың жолаушылар ағыны 31,8 млн. адамды құрап, халықаралық маршруттар желісі 161 бағытқа дейін кеңейді.
Қол жеткізілген нәтижелер халықаралық стандарттарды жүйелі түрде енгізудің және қазақстандық мамандардың жоғары кәсібилігінің арқасында мүмкін болды. Саланың әлеуетін одан әрі іске асыру үшін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспарын (CAMP-2050) әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді. Құжат саланы жаңғырту, авиациялық хабтарды қалыптастыру мен Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен ИКАО Бас хатшысы ынтымақтастықты нығайту, авиациялық қауіпсіздікті одан әрі арттыру мен азаматтық авиацияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен ИКАО-ның бірлескен күш-жігерін жұмылдыруға дайын екендіктерін растады.





