2026 жылғы 19 қараша, ИКАО штаб-пәтері.Қазақстан Республикасы ИКАО-ның 7-ші Дүниежүзілік әуе көлік конференциясы мен ИКАО Ассамблеясының 43-ші Төтенше сессиясына орай ресми қабылдау ұйымдастырды. Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар жұбайымен бірге, ИКАО Кеңесінің бұрынғы президенттері – ИКАО ізгі ниет елшілері Олумиуйива Бенард Алиу мен Сальваторе Шаккитано, сондай-ақ шет елдердің көлік және азаматтық авиация министрлері мен вице-министрлері, авиациялық билік органдарының басшылары, ИКАО жанындағы тұрақты өкілдер және басқа да шетелдік қонақтар қатысты.
Іс-шара шетелдік қонақтарды Қазақстанның бай тарихымен және өзіндік мәдениетімен, сан ғасырлық даналық пен көне көшпелі өркениеттің тарихи мұрасы негізінде қалыптасқан ұлттық дәстүрлері және рухани құндылықтарымен таныстыруға тамаша мүмкіндік болды.
Өз сөзінде Қазақстан делегациясының басшысы, Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев: «Қазақстан Орталық Азияның, Оңтүстік Кавказдың және теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің сенімді үні болуға ұмтылады. Біз ортақ мүдделерді қорғап қана қоймай, нақты шешімдер ұсыну, өз тәжірибемізбен бөлісу мен әріптестеріміздің авиациялық әлеуетін дамытуға жәрдемдесуге дайынбыз», – деп атап өтті.
Өзінің құттықтау сөзінде ИКАО-ның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар Қазақстанның өңірдегі азаматтық авиация саласындағы жетекші рөлін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан 2026-2028 жылдарға арналған ИКАО Кеңесіне үміткер болуға әбден лайық.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солисі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, қобызшы Ақерке Тәжібаева жеке музыкалық бағдарламасын ұсынды.
Концерттік бағдарлама аясында көрнекті қобызшы Ықылас Дүкенұлының «Қамбар батыр» және «Жез киік» күйлері, сондай-ақ «Әгугай» және «Беу, Айдай» халық әндері орындалды. Сонымен қатар, қобыздың сүйемелдеуімен қазақтың көрнекті композиторларының шығармалары шырқалды: Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жыр» және Қуат Шілдебаевтың «Қайран көңіл-ай» шығармалары. Концерттік бағдарламаға заманауи композитор Самат Рыспанбетовтің «Мәңгілік ел», «Бақыт таңы» және «Шығыс аруы» туындылары ерекше көркемдік реңк берді.
Сонымен қатар, қабылдау қонақтарына Монреаль қаласындағы қазақ диаспорасының өкілі Гүлмира Жангелдинаның орындауында қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбырадағы музыкалық шығармалар ұсынылды.
Қабылдау барысында ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума музыкалық аспаптарға деген қызығушылығын ескеріп, қазақтың ең көне музыкалық аспаптарының бірі – қобызға ерекше қызығушылық танытты. Ол аспапты қызығушылықпен зерттеп, оның үн шығару ерекшеліктерімен танысты және тіпті бірнеше нотаны өз бетінше орындап көріп, осылайша Қазақстанның бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Мыңнан астам адамды жинаған бұл іс-шара Қазақстанды бай тарихи-мәдени мұрасы және азаматтық авиация саласындағы жоғары әлеуеті бар ел ретінде таныстыруға, сондай-ақ республиканың халықаралық ынтымақтастық, өзара құрмет және ашық диалог қағидаттарына бейілділігін көрсетуге мүмкіндік берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









