2026 жылғы 20–22 қазан, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік сарайы. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаһандық іс-шарасы – ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы алғаш рет Қазақстан Республикасында өтіп, 62 елдің авиациялық билік органдары, халықаралық ұйымдар, азаматтық авиацияның өңірлік құрылымдар, әуекомпаниялар мен әуежайлардың өкілдерін және жетекші салалық сарапшыларды біріктірді.
Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Қазақстанға және Орталық Азияға алғашқы ресми сапарымен келген ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар қатысты.
Форумның Астанада өтуі Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығының жоғары деңгейін және елдің авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейі бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарына кіреді. Елдің стандарттарды тиімді іске асыру көрсеткіші 95,7%-ды құрап, Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші орнын сақтауда.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласармен екіжақты кездесуі өтті. Кездесуге ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты. Тараптар азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту, авиациялық қауіпсіздікті нығайту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, ИКАО сарапшыларының қолдауымен Қазақстанның 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспары әзірленуде.
Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстан Республикасының Көлік министрі Канаданың Көлік министрінің орынбасары Лиза Сетлаквемен кездесті. Келіссөздер барысында әуежайлардың қызметін реттеу және шағын авиацияны дамыту мәселелерін қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. Тараптар әріптестік қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін растады.
Ресми ашылу қарсаңында, 2026 жылғы 19 қазанда Астанада Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының отырысы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Грузия өкілдері, сондай-ақ бақылаушы ретінде Ресей тарапы қатысты. Қатысушылар азаматтық авиацияға төнетін қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді, ақпарат алмасу мәселелерін, ИКАО аудиттеріне дайындықты және Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспарын (GASeP) іске асыруды талқылады.
Сонымен бірге 2027 жылға арналған өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.
ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығының бағдарламасы халықаралық азаматтық авиацияның өзекті сын-қатерлерін талқылауға арналды. Олардың қатарында киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді заңсыз қолдануға қарсы іс-қимыл, әуе жүк тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қарулы қақтығыс аймақтарына жақын жерде орындалатын ұшулар кезінде тәуекелдерді басқару мәселелері болды. Инновациялық технологияларды енгізу, білікті мамандар даярлау мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Форумның бірінші күні АҚШ ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бағдарламасына қаржылық қолдау көрсету ниетін жариялады. Бұдан бөлек, ИКАО мен Астана халықаралық әуежайы арасында басқарушылық қызметтер көрсету туралы келісімге (Management Service Agreement) қол қойылды.
Қазақстанда ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығын өткізу 2027 жылы Монреаль қаласында өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға (HLCAS/3) дайындық тұрғысынан ерекше маңызға ие. Форум 22 қазанда «Астанадан жолданған үндеулер» (Messages from Astana) атты қорытынды сессиямен аяқталды.
ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының Астанада өтуі еліміздің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етіп, елдің жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін дамытудағы және азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудегі белсенді рөлін растайды.





