Қазақстан мен Германияның сыртқы саяси ведомстволары көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша саяси консультациялар өткізді

    1 / 2

    Астана, 2026 жылғы 20 қазан – Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрліктері арасында көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша саяси консультациялар өтті.

    Германия делегациясын ГФР Федералдық сыртқы істер министрлігінің Жаһандық тәртіп, БҰҰ және гуманитарлық көмек департаменті басшысының орынбасары Михаэль Гайслер, Қазақстан делегациясын ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов басқарды.

    Консультациялар барысында тараптар БҰҰ-ны реформалау, соның ішінде «БҰҰ-80» бастамасы мен Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы, 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібін іске асыру, халықаралық қауіпсіздік пен адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың сайланбалы органдарына ұсынылған кандидатураларды өзара қолдау мәселелері бойынша пікір алмас ты.

    Қазақстан тарапы өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі ұстанымдарымен таныстырды. Осы тұрғыда Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының, сондай-ақ БҰҰ ЭСКАТО-ның Орнықты даму үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығының қызметі талқыланды.

    Көпжақты күн тәртібінің экология, су және өзге де бағыттарын талқылау кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру, Орнықты даму мүддесіндегі халықаралық еріктілер жылын ілгерілету, сондай-ақ Алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі жаһандық коалицияны дамыту бастамаларына ерекше назар аударылды. Германия тарапына Коалиция жұмысына қосылу ұсынылды.

    Сұхбаттастар халықаралық гуманитарлық құқықты нығайту мәселелерін, соның ішінде Қазақстан бастамашыларының бірі болып табылатын Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастама аясындағы ынтымақтастықты да қарастырды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары