Каир, 2026 жылғы 22 қазан - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Мысырға ресми сапары аясында Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі мысырлықтар істері министрі Бадр Абдельаттимен кеңейтілген құрамда келіссөздері өтті.
Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақ-мысыр қатынастарының жоғары деңгейін және сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар тетігінің маңыздылығын растады.
Мысырда өткен парламенттік сайлау мен Қазақстандағы конституциялық өзгерістер аясында министрлер парламентаралық «достық топтарының» қызметін жандандыру туралы уағдаласты.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберіндегі өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Сауда-экономикалық салада тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын атап өтті.
Сонымен қатар 2006 жылғы 7 қарашадағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Құжат Қазақстан мен Мысырдың жарамды қызметтік паспорттары бар азаматтарына визасыз режимді қолдануды кеңейтуді көздейді.
Келіссөздердің негізгі нәтижелерінің бірі Мысыр тарапы туристік мақсатта елге келетін азаматтарына қосымша талаптар енгізген Орталық Азия мемлекеттерінің тізімінен Қазақстанды алып тастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілуі болды. Бұл шешім қазақстандық туристердің Мысырға кіру шарттарын жеңілдетуге және туристік алмасуларды одан әрі дамытуға бағытталған.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін М. Тілеуберді мен Б. Абдельатти БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасап, кездесудің қорытындыларын жариялады және екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.








