Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Астанада Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
«Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала береді. 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 45 млрд АҚШ долларынан асты, ал 2005 жылдан бері ЕО елдерінен тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд АҚШ долларына жетті. Біздің басымдықтарымыз өзгеріссіз қалады. Олар – сауда мен инвестициялар, көлік байланыстылығы, энергетика, жасыл және цифрлық трансформация, аса маңызды шикізат, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес»,– деп атап өтті Ардақ Зебешев.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 45,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 7,1%-ға төмен (48,6 млрд АҚШ доллары). Қазақстаннан ЕО елдеріне экспорт көлемі 34,7 млрд АҚШ долларын құрап, 6,3%-ға азайды. Ал ЕО елдерінен Қазақстанға импорт 10,4 млрд АҚШ долларын құрап, 9,7%-ға төмендеді. 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында тауар айналымы 26,4 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен (25,6 млрд АҚШ доллары) салыстырғанда 3%-ға өсті. Қазақстанның ЕО елдеріне экспорты 5,9%-ға өсіп, 20,8 млрд АҚШ долларын құрады. ЕО елдерінен импорт 6,5%-ға төмендеп, 5,6 млрд АҚШ долларына тең болды.
Министрдің орынбасары инвестициялық ахуалды жақсарту және әкімшілік тәуекелдерді азайту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның ішінде инвесторларға инвестициялық келісімдер жасасу, салықтық және кедендік преференциялар алу, мемлекеттік заттай гранттарды пайдалану және арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істеу мүмкіндіктері ұсынылады. Инвестицияларды қорғау мен инвесторларды сүйемелдеуді Инвестициялық омбудсмен, инвестициялық прокурор, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және «жасыл дәліз» тетігі қамтамасыз етеді.
Тараптар сондай-ақ Еуропалық комиссия серіктес елдердегі инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін іске қосқан Global Gateway Investment Hub тетігін талқылады. Қазақстан тарапы бұл тетіктің практикалық тиімділігі жобаларды бастапқы тұжырымдамадан нақты іске асыру кезеңіне дейін жеткізуге қаншалықты ықпал ететініне байланысты екенін атап өтті.
Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі – Қазақстанның стратегиялық басымдықтары қатарындағы Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту. Қазақстан тарапы ЕО қолдауымен Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ) және Еуропалық инвестициялық банкпен (ЕИБ) кредиттік келісімдерге қол қойылғанын құптады. Олардың қатарында Ақтау портын жаңғырту және Қазақстандағы орнықты көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі келісімдер бар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды ілгерілету бағытындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.








