Астанада заманауи еркін сауда аймақтарын құру мәселесі талқыланды

    1 / 6

    Астанада «Еркін сауда аймақтары:
    Халықаралық тәжірибе және Қазақстанда
    құру шарттары» тақырыбында дөңгелек
    үстел өтті. Қатысушылар жаңа буындағы
    сауда аймақтарын дамыту
    перспективаларын, халықаралық
    тәжірибені және ел экономикасына
    инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін
    талқылады.
    Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі
    Басшысының орынбасары Әсел Жанасова,
    Дубай еркін аймақтары кеңесінің бас
    хатшысы, Dubai Integrated Economic Zones Authority (DIEZ)
    атқарушы төрағасы доктор Мұхаммед
    Ахмед Әл Зарун, DIEZ атқарушы төрағасы
    кеңсесінің вице-президенті Мұхаммед Әл
    Әли, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс
    вице-министрі Олжас Сапарбеков, ҚР Ауыл
    шаруашылығы вице-министрі Назгүл
    Хатепова, «Астана» халықаралық қаржы
    орталығының басқарушысы Ренат
    Бектұров, «Astana Invest» басқарма
    төрағасының бірінші орынбасары Әуез
    Тыныбеков, «Алатау» АЭА директоры
    Рамазан Айдан, сондай-ақ мемлекеттік
    органдардың өкілдері мен салалық
    сарапшылар қатысты.
    Қазіргі уақытта Қазақстанда
    инвестиция тартуға және өндірісті
    дамытуға ықпал ететін 18 арнайы
    экономикалық аймақ жұмыс істейді.
    Сонымен қатар, экспорттық әлеуетті
    арттыру, инфрақұрылымды дамыту және
    бизнеске дайын алаңдар ұсыну
    мәселелері өзекті болып отыр.
    Осыған байланысты, негізінен салықтық
    жеңілдіктерге бағытталған модельден
    дамыған инфрақұрылымды, сауданы,
    логистиканы және кедендік рәсімдерді
    біріктіретін кешенді сервистік жүйеге
    көшу мәселесі қарастырылуда.
    Жаңа тәсіл Қазақстан арқылы жүк
    транзитін қамтамасыз етумен қатар, ел
    аумағында жүктерді өңдеуге де
    мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл
    қосылған құн қалыптастыруға, жаңа
    жұмыс орындарын ашуға және отандық
    кәсіпорындардың экспорттық
    мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
    Алғашқы пилоттық алаңдар ретінде
    Қорғас пен Ақтау қарастырылуда. Қорғас
    Қытай нарығына шығу мүмкіндігімен
    стратегиялық артықшылыққа ие болса,
    Ақтау Каспий теңізі арқылы Түркия мен
    Еуропа бағытында сауда-логистикалық
    маршруттарды дамытуға жол ашады.
    Дөңгелек үстел барысында Дубайдың
    еркін сауда аймақтарын дамыту, цифрлық
    сервистерді енгізу және басқару
    тетіктерін жетілдіру тәжірибесін
    зерделеуге ерекше назар аударылды.
    Халықаралық тәжірибені қолдану
    шетелдік инвесторларды тартуға және
    Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін
    арттыруға қосымша жағдай жасауға
    мүмкіндік береді.
    «Бізде арнайы экономикалық аймақтар
    бар, алайда олардың басым бөлігі
    индустриялық және өндірістік бағытта
    жұмыс істейді. Біз бұл бағытты дамытуды
    көздеп отырмыз және бұл - дұрыс шешім.
    Дегенмен сауданы, логистиканы және
    кедендік рәсімдерді біріктіретін
    басқа да экономикалық аймақтар қажет.
    Олардың барлығы индустриялық
    аймақтармен өзара байланыста жұмыс
    істеуі тиіс. Еркін сауда
    аймақтарындағы ең басты мәселе -
    экспорттық әлеует», - деп атап өтті
    көлік және логистика жөніндегі жобалық
    офисінің басшысы Алуа Корпебаева.
    Жаңа буындағы еркін сауда аймақтарын
    құру Қазақстанның
    транзиттік-логистикалық әлеуетін
    нығайту, халықаралық сауданы дамыту
    және ел экономикасына жаңа
    инвестициялар тарту құралдарының бірі
    ретінде қарастырылып отыр.

    https://www.instagram.com/p/Dev2q2HNkdM/

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары