Құланды ауылында 2026 жылдың он айында атқарылған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттер жүйелі түрде қорытындыланды. Есепті кезеңде білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және ауылды абаттандыру бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Құланды ауылының дәрігерлік амбулаториясына РПН жүйесі бойынша 1677 тұрғын тіркелген. Есепті кезеңде диспансерлік есепте 115 адам, мүмкіндігі шектеулі 37 азамат, 14 жүкті әйел бақылауға алынып, медициналық көмекке жүгінген 630 тұрғынға тиісті қызмет көрсетілді.
Инфрақұрылым саласында ауыл тұрғындары 100% орталықтандырылған ауыз сумен және табиғи газбен қамтылған. Ауылішілік автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10,5 шақырымды құраса, оның 5,8 шақырымы асфальтталған. Көше жарығы 100% энергия үнемдегіш ЛЕД шамдарымен жабдықталған. М.Жырау, О.Тұрмағанбетұлы, С.Жаңғабылұлы, Е.Айшуақұлы және Т.Балтабасұлы көшелеріне ұзындығы 3,082 метр болатын жолдарға жобалық-сметалық құжаттары түзіліп, қазіргі таңда конкурс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көше тазалығын ұйымдастыру мақсатында «Таза Қарақия» мекемесімен келісімшарт жасалып, арнайы техникалар бөлінді және 8 жұмысшы тұрақты негізде еңбек етуде. Сонымен қатар көктемгі және күзгі сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл аумағындағы көшелер абаттандырылып, түрлі ағаш көшеттері мен тұқымдары егілді.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі








