Қарақия ауданының Сенек ауылында есептік кездесу өтті

    1 / 7

    Қарақия ауданының Сенек ауылында 2026 жылдың өткен он айы ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, өңірдің инфрақұрылымын жақсарту мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылды.

    Инфрақұрылым саласында ауыл тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен және табиғи газбен толық қамтылған, ал ауыз суды үздіксіз жеткізу жұмыстарын «Тұрмыс-Сервис» коммуналдық кәсіпорнының бөлімшесі атқаруда.

    Ауылішілік автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 14,5 шақырымды құраса, оның 9 шақырымы немесе 62 пайызы асфальтталған, ал қалған 5,5 шақырымы асфальтталмаған. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, Су1-ге дейінгі аралықтағы 1,7 шақырым жерге 60 дана жарық шам бағанасын орнату үшін «Ақиқат» жеке кәсіпорнымен 8 миллион 990 мың теңгелік мемлекеттік сатып алу келісімшарты түзіліп, жыл соңына дейін аяқталу жоспарлануда.

    Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында ауылда 69 шаруа қожалығы мен 288 жеке үй шаруашылығы тіркеліп, мал басы айтарлықтай өсім көрсетуде, атап айтқанда түйе 4639, жылқы 8284, сиыр 1221 және ұсақ мал 16650 басты құрап отыр. Бұдан бөлек, ауыл аумағында 7 азық-түлік дүкені, 3 газ құю бекеті, 1 дәріхана және 1 автокөлік жуу орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Ал тұрғындардың өтінішіне орай жыл басынан бері 21 бұралқы ит ауланып, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасуда.

    Ауылдың санитарлық тазалығын «Таза-Қарақия» коммуналдық кәсіпорны қамтамасыз етіп, арнайы техникалар арқылы күнделікті күл-қоқыс шығарылып, тұрақты жұмысқа қабылданған 5 жергілікті тұрғын тазалық жұмыстарын атқаруда.

    Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салалары да назардан тыс қалмаған. «Қашаған Күржіманұлы» жалпы білім беретін мектебі 350 орынға шақталған болып, 57 педагог пен 46 кіші қызметкер жұмыс істейді және оқу жылы 389 оқушымен басталып, қазіргі таңда оқушылар саны 392-ге жетті. Сондай-ақ 50 орындық «Шұғыла» бөбекжайы мен 50 орындық жекеменшік «Ясин» балабақшасы балаларды тәрбиелеуде.

    Сенек дәрігерлік амбулаториясы мен Аққұдық елді мекенінің амбулаториясы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде, ал аудандық «Мансап» орталығында 37 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның ішінде 10 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған.

    Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары