Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында есептік кездесу өтті

    1 / 8

    Бүгін Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында аудан басшысы Жансейт Қайнарбаевтың қатысуымен есептік кездесу өтті. Жиында Мұнайшы ауылының әкімі Әбутәліп Тәжібай 2026 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы атқарылған шаралар туралы баяндама жасады.

    Ауыл әкімінің айтуынша, өткен есептік кездесуде тұрғындар тарапынан түскен 5 ұсыныс-пікірдің бүгінгі таңда 2-сі толық орындалып, 3-і бақылауға алынған. Атап айтқанда, тұрғындарды алаңдатқан ең өзекті мәселелердің бірі-Салтанат және Теміржолшы шағын аудандарындағы апатты тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бүгінде ауылда 15 тұрғын үй апатты деп танылып, оларда 336 пәтер орналасқан болса, бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 360 пәтерге шақталған 5 жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

    Сондай-ақ өткен кездесуде көтерілген ауылішілік жолдардың сапасына қатысты мәселе де назардан тыс қалмай, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның қолдауымен өндірістік аумақтағы 1,7 шақырымдық аудандық маңызы бар автомобиль жолына шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Бүгінгі таңда 6 449 тұрғыны бар Мұнайшы ауылында инфрақұрылымды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, орталықтандырылған ауыз сумен, 100 пайыз табиғи газ және электр желісімен қамтылған елді мекеннің 41 шақырымдық жол желісінің 72,4 пайызы асфальтталған.

    Есепті кезеңде ауыл аумағында жаңа жарық шамдары орнатылып, тозығы жеткен инженерлік желілер мен кәріз құбырлары жаңартылды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 150 жаңа қоқыс контейнері қойылып, заңсыз салған ескі гараждар мен сарайлар сүріліп, аумақтар тазартылды.

    Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да айтарлықтай жетістіктер бар. Екі білім ошағында 1209 оқушы білім алуда, алғаш рет ашылған «Ангар типті спорт залы» мен жаңа футбол алаңы, воркаут алаңшалары жастардың спортпен шұғылдануына толық жағдай жасауда. Сонымен қатар халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жүйелі шаралар қабылданып, бірқатар азамат тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналастырылды, әлеуметтік осал топтарға қажетті көмектер көрсетілді. Жиын соңында ауыл әкімі алдағы уақытта балалар ойын алаңдарын жөндеу, жастар саябағындағы футбол алаңын қалпына келтіру және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жоспарланғанын жеткізді.

    Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарақия ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары