Қауіпті қалай аңғаруға болады: сарапшылар дабыл қағатын белгілерді атады

    Достар ортасының кенеттен өзгеруі, радикалды идеяларға деген әуестік және желідегі ақпаратқа соқырша сену – ата-аналар үшін бала мінез-құлқына мұқият қарауға үлкен себеп.

    Мамандардың айтуынша, экстремистік идеологияға арбау әрқашан ашық үгіт-насихаттан басталмайды. Көбіне жасөспірімге күрделі сұрақтардың оңай шешімі ұсынылып, қолдау білдіруге уәде беріледі немесе қоғамды «өзіміздікі» мен «бөгделер» деп бөлу таңылды. Мұндай сәтте бала мен ата-ана арасындағы сенімді жоғалтпай, өзгерістерді уақытында байқап, сабырмен тіл табысу маңызды.

    Семей қалалық Полиция басқармасы Экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің аға оперуәкілі Маржан Байзульдинова баланы экстремистердің торлауынан аман алып қалу үшін ата-ананы сақтандыруы тиіс негізгі қауіп белгілерін атап өтті.

    – Радикалды ұйымдарға кіруге үгіттеу, адамдарды «өзіміздікі» және «бөгде» деп бөлу, «көмектесеміз» деген желеумен арбау – үлкен дабыл. Сондай-ақ экстремистік немесе террористік қылмыстарды ақтау да қауіптің белгісі. Ата-ана бақылауды босатпай, баланың ғаламторда қай сайттарға кіріп, не іздеп жүргенін білуі тиіс. Ең бастысы – баламен ашық сөйлесіп, үйде сенімді атмосфера қалыптастыру қажет, – дейді Маржан Байзульдинова.

    Ал «Психея» орталығының негізін қалаушы Светлана Новикова агрессивті идеологияға қарсы тұруда сын тұрғысынан ойлаудың маңызы зор екенін айтады. Оның сөзінше, бұл – кез келген адам өз бойында қалыптастыра алатын дағды.

    – Сын тұрғысынан ойлау – жан-жақты зерттеуді талап ететін терең тақырып. Ол ең әуелі адамның интеллектуалдық қорын көрсетеді. Яғни, адам ақпаратты қабылдамас бұрын оны жинақтап, сараптай алады. Мұндай қабілеті бар адам өзіне шынымен қажетін алып, артығын елемейді. Егер адам кез келген айтылған сөзге сене берсе, астарлы агрессия мен өтірікті сезбесе, демек, оған ойлау қабілетін дамыту керек. Тұрақты оқу мен ізденіс бұл дағдыны шыңдауға көмектеседі, – дейді Светлана Новикова.

    Ақпаратты тексеру, түрлі дереккөздерді салыстыру және кез келген сөзге талғаусыз сенбей, сүзгілеу баланы астыртын арбаудан, өтірік пен агрессивті шақырулардан қорғайды.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары