Экстремизм мен деструктивті идеологияның алдын алуда ұлттық мәдениет пен дәстүрдің маңызы ерекше. Өз халқының тарихын, салтын, ұлттық құндылықтарын жақсы білетін ұрпақ сырттан келетін жат идеологияларға еліктей бермейді. Себебі ғасырлар бойы қалыптасқан төл мәдениет адамның ұлттық болмысын сақтайтын берік негіз.
«Айша Бибі» облыстық қазақ мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айман Ибраеваның айтуынша, қазақтың ұлттық киімінің әрбір элементінің өзіндік тәрбиелік әрі мәдени мәні бар. Мәселен, әйелдердің бас киімі олардың жасын, отбасылық жағдайын, қоғамдағы орнын білдірген.
– Біздің қазақтың ұлттық киімдері ата-бабамыздан келе жатқан қолөнер арқылы дамып, өзінің әдемілігімен ғана емес, мағынасымен де ерекшеленеді. Әйел адамның бас киімінен оның жасын, отбасындағы орнын ажыратқан. Тақия, сәукеле, ақ орамал, кимешек-шылауыштың әрқайсысының өз орны болған. Кимешек-шылауыш тазалық пен мәдениеттілікті білдірген. Тіпті бір үйге жиналған адамдар әйелдердің киіміне қарап-ақ олардың кім екенін, жасын, мәртебесін таныған. Бұл – біздің ата-бабамыздан қалған үлкен мәдениет, – дейді Айман Ибраева.
Ұлттық мәдениет – өткеннің ғана мұрасы емес, бүгінгі ұрпақтың рухани қорғаны. Сондықтан жастарға өз тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық өнері мен мәдениетін таныту – жат идеологиялардың ықпалына қарсы тұрудың маңызды жолдарының бірі. Өз құндылығын білген ұрпаққа өзгенің идеологиясын таңудың қажеті жоқ.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды









