Кибералаяқтар жәбірленушілерге өз еркімен 617 млн теңге қайтарды

    ҚР Ұлттық Банкі Антифрод-орталығының қатысушыларымен өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстың мақсаты - күмәнді операцияларды мүмкіндігінше жедел анықтау және ұрланған қаражаттың одан әрі кетуіне жол бермеу. Есептік кезеңде 212 мың инцидент қалыптасты, оның 76 мыңнан астамына ішкі істер органдары бастамашылық етті. Нәтижесінде ақша аударушылардың шоттарындағы 4 млрд теңге, ал «дроптардың» шоттарындағы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражат бұғатталды. Жәбірленушілерге өз еркімен 617 млн теңге қайтарылды. ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы полиция полковнигі Жандос Сүйінбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

    Оның пікірінше, бұл нәтижелер құқық қорғау органдары мен қаржы секторы арасында жедел ақпарат алмасудың маңыздылығын көрсетеді, іс-қимыл жылдамдығы азаматтардың ақшасын сақтау мен қайтару мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.

    Сонымен қатар департамент құқықтық базаны жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, былтыр және биыл мемлекеттік органдармен бірлесіп бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық шешімдер іске асырылды.

    «Онлайн – қарыздарды ресімдеу және SIM-карталарды тіркеу кезінде тұтынушылық кредиттерді беруге қойылатын талаптар күшейтілді. Өткен аптада Мемлекет басшысы біз әзірлеген «Еуропа Кеңесінің киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Заңына қол қойды. Ол конвенцияға қатысушы елдермен жедел өзара іс-қимыл жасауға және ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, «БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» Заң жобасы әзірленді. Ол қазір Құрылтайдың қарауына ұсынылды»,-деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы.

    Қабылданып жатқан шаралар жедел жағдайды тұрақтандыруға және интернет-алаяқтықтарды тіркеуді төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Осы орайда халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудан және алаяқтық схемалардың жолын жедел кесуден бастап халықаралық өзара іс-қимыл мен заңнаманы жетілдіруге дейінгі барлық бағыт бойынша жалғасын табады.

    «Бұл ретте, әрбір келтірілген залалдың артында қаскүнемдер пайдалануға тырысатын нақты адам, отбасы және сенім бар екенін түсінеміз. Азаматтарды қырағы болуға, растау кодтары мен қол жеткізу деректерін бөгде адамдарға хабарламауға, ал күдікті қоңыраулар немесе аударымдар кезінде құқық қорғау органдарына және өз банкіне дереу жүгінуге шақырамыз», – деп ескертті спикер.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Целиноград ауданының әкімдігі" жаңалықтары