Сөз бостандығы мен экстремизмнің аражігі

    Әлеуметтік желіде тараған бір ауыз сөз немесе бейнежазба санаулы секундта қалың бұқараға жетіп үлгереді. Алайда, өз пікірін ашық айту құқығы экстремистік сипаттағы контент үшін жауапкершіліктен босатпайды.

    Сөз бостандығы – Ата заңмен кепілдендірілген құндылық. Бірақ бұл заңнан аттап, ойға келгенді айту дегенді білдірмейді. Семей қалалық Полиция басқармасы Экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің аға оперуәкілі Маржан Байзульдинованың айтуынша, кез келген қоғамдық араздықты қоздыруға немесе зорлық-зомбылыққа шақыруға заң жүзінде қатаң тыйым салынған.

    Спикердің сөзіне сүйенсек, бүгінде өшпенділік тудыратын сөздер мен қауіпті пікірлерді «сөз бостандығы» деп ақтауға тырысатындар аз емес. Ал бұл – ел Конституциясына тікелей қайшы.

    – Сөз бостандығына Конституцияның 20-бабымен кепілдік берілгенімен, ол шексіз еркіндік дегенді білдірмейді. Ой білдіру мен экстремизмнің арасында нақты шекара бар. Тұрғындар арасында діни, саяси немесе әлеуметтік алауыздық отын жағуға, заңсыз әрекеттер мен зорлық-зомбылықты ақтауға мүлдем жол берілмейді. Мұндай қадамдар қылмыстық және әкімшілік заңнама аясында жауапқа тартылады, – дейді сарапшы.

    Бүгінде әлеуметтік желілер жат идеологияны таңудың басты құралына айналып отыр. Осыны ескерген құқық қорғау органдары виртуалды кеңістіктегі ақпарат ағынын тұрақты бақылауда ұстайды.

    – Ақпараттың анонимді түрде әрі сәт сайын жылдам таралуы желіні экстремистік топтар үшін өте қолайлы алаңға айналдырды. Олар астыртын арбау әдістерін, тыйым салынған видеолар мен тікелей эфирлерді шебер пайдаланады. Басты нысаналары – өмірлік ұстанымы толық қалыптаса қоймаған жастар. Сондықтан ғаламторда кездесетін әрбір ақпаратқа қырағылықпен қарау маңызды, – деп түйіндеді сөзін Маржан Байзульдинова.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары