Радикалды идеологияның ықпалына түспеудің бір жолы – ұлттық салт-дәстүр мен ата-баба мұрасын жақсы білу. Өзінің тарихы мен құндылықтарын терең түсінген жас сырттан келетін жат идеологияларға сыни көзқараспен қарай алады.
Төкеш мешітінің наиб имамы, теолог Мұрат Желдыбаевтың айтуынша, діни сауаттылық та жастардың түрлі радикалды ағымдардың жетегінде кетпеуінде маңызды рөл атқарады. Ол әсіресе діни білімді сенімді әрі білікті мамандардан алудың маңызын атап өтті.
– Радикализмнің құрбаны болмау үшін адам өзінің салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, ата-баба дәстүрін жақсы білгені дұрыс. Діни мәселелер бойынша ақпаратты интернеттен кездейсоқ іздемей, өзіміздің мешіттердегі білімді имамдар мен ұстаздардан алған жөн, – дейді Мұрат Желдыбаев.
Маманның пікірінше, жастар діни мазмұндағы ақпараттың қайнар көзіне мұқият қарап, күмәнді уағыздар мен жат идеологиялардан аулақ болуы қажет. Дұрыс діни білім алу мен ұлттық құндылықтарды құрметтеу – радикалды көзқарастардың алдын алудың маңызды тетігі.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды









