ТҮРКІСТАНДА «СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН: ТАҒДЫР МЕН ТАҒЫЛЫМ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

    1 / 4

    Түркістанда «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қолдауымен Ясауи музейінде Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

    Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Сәкен Сейфуллин музейі ұйымдастырған көрменің мақсаты – көрнекті ақынның тұлғасын шығармалары арқылы ғана емес, өзі тұтынған бұйымдары, сирек кітаптары, қолжазбалары мен тарихи құжаттары негізінде таныту.

    Көрмені Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, «Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Дүкенбаев және Сәкен Сейфуллин музейінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов ашып, оның тарихи-танымдық маңызына тоқталды.

    Мәдени іс-шараға Түркістандағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-лицейдің директоры Рая Серікбайқызы мен өнерлі оқушылары қатысты. Кештің көркемдік мазмұнын Конгресс-холл кешенінің өнерпаздары да толықтырды. Әнші Ақжол Жамбыл Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелете орындаса, күйші Бауыржан Садыбеков Қазанғаптың «Ақжелең» күйін күмбірлете шертіп, ұлттық өнердің құдіретін паш етті.

    Экспозиция ақынның өмір жолын, қоғамдық-мемлекеттік қызметі мен шығармашылық мұрасын қамтитын үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Сәкен Сейфуллиннің балалық шағына, отбасына, білім алуына және ұстаздық қызметіне арналған. Мұнда ақынның анасы Жамал Тышанбайқызына тиесілі ұршық пен шай сақтайтын қорап, отбасы тұтынған бұйымдар, сирек фотосуреттер мен тарихи деректер ұсынылған.

    Екінші бөлімде Сәкен Сейфуллиннің мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі қызметі қамтылған. Келушілер ақынның жеке баспа машинкасын – «Ундервудты», қойын дәптерін, сиясауытын, саквояжын, алтын қалта сағатын, шапаны мен тақиясын, патефонын және қызметіне қатысты құжаттарын көре алады.

    Экспозицияда Сәкен Сейфуллиннің ұлттық тіл мен тарихи атауға қатысты ұстанымына да ерекше мән берілген. 1923 жылы жарияланған «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік!» мақаласы ақынның ұлт атауын қалпына келтіру жолындағы азаматтық ұстанымын танытса, «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» мақаласы мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінің қолданылуын кеңейтуге бағытталған еңбегін көрсетеді.

    Көрменің маңызды бөліктерінің бірі – «Тар жол, тайғақ кешу» романына арналған экспозиция. 1927 жылы Қызылордада араб қарпімен жарық көрген шығарманың түпнұсқа басылымы келушілерге тарихи оқиғалардың ақын шығармашылығында қалай бейнеленгенін тануға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар көрмеден ақынның әдеби мұрасын танытатын «Асау тұлпар», «Жер қазғандар», «Өткен күндер», «Экспресс», «Айша», «Қызыл ат» секілді шығармаларының сирек басылымдарын көруге болады. Ақынның жұмыс үстелі, баспа машинкасы, қойын дәптері мен сиясауыты оның шығармашылық ізденістерінен сыр шертеді.

    Көрме – Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен мұрасын жаңа қырынан танып, ұлт тарихының құнды куәгерлеріне айналған бірегей жәдігерлермен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін тағылымды мәдени жоба.

    Айта кетейік, көрме 9 қарашаға дейін жалғасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары