Салықтық берешек белгіленген мерзімде өтелмеген жағдайда, салық төлеушілерге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Ибрагимова бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
«Салық кодексіне сәйкес, берешекті өндіріп алу банктік шоттардағы қаражат, дебиторлық берешек және билік ету құқығы шектелген мүлік есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар заңнамада көзделген жағдайларда өзге де мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қарастырылған. Салықтық міндеттемелерді уақытылы орындау маңызды. Берешек белгіленген мерзімде өтелмеген жағдайда, заңнама талаптарына сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданады», – деді Меруерт Амангелдіқызы.
Сондай-ақ салықтық берешек заңнамада белгіленген шектен асып, үш айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда, заңды тұлғаның бірінші басшысына немесе дара кәсіпкерге Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл ретте соттың санкциясы талап етіледі.
Мамандар салық төлеушілерді берешекті уақытылы өтеуге және қосымша шектеулердің алдын алуға шақырады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі








