Түркістан облысында тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) алдын алуға бағытталған эпидемиологиялық маусым 1 қазанда басталып, келесі жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады. Осыған байланысты өңірде халықтың денсаулығын қорғау және инфекциялардың таралу қаупін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ақерке Еркінбекова мәлімдеді.
«2026 жылы облыс тұрғындарын тұмауға қарсы екпемен қамту үшін жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 271 348 дозасы өңірге жеткізілді. Бұл облыс халқының 12,8 пайызын вакцинациялауға мүмкіндік береді. Екпе егу жұмыстары желтоқсан айына дейін жалғасады.
Тұмауға қарсы профилактикалық екпе халықтың осал топтарына тегін жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, алты айдан асқан сәбилер мен жиі ауыратын балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мектеп-интернат тәрбиеленушілері, қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар бар.
Екпе алдында медицина қызметкері азаматтың денсаулық жағдайын тексеріп, қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда вакцинация жүргізеді. Сонымен қатар әскери қызметшілер мен педагогтерге тұмауға қарсы екпені ерікті түрде алу ұсынылады. Тұмаудың алдын алудың тиімді жолдарының бірі – жыл сайын вакцина салдыру», – деді спикер.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі








