БІРЛЕСКЕН ҚАБЫЛДАУДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ҚАРАЛДЫ

    Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жеке қабылдау «Әділет» партиясы Сауран аудандық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауымен бірлесіп өтті. Аудан басшысы партияның аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбековпен бірге азаматтардың өтініштерін тыңдап, оларды шешу жолдарын қарады.
    Тұрғындар жер учаскелерін рәсімдеу, суармалы жер конкурсына қатысу, жайылымды пайдалану мерзімін ұзарту және кадастр құжаттарын реттеу мәселелері бойынша жүгінді. Сондай-ақ тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіп ашуға қатысты өтініштерін жеткізді.
    Қазақстанның 30 жылдығы елді мекенінің тұрғындары көшелерге асфальт төсеу, ескі электр бағаналарын ауыстыру және қоғамдық көлік қатынасын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Жауапты бөлімнің мәліметіне сәйкес, елді мекенді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін екі кезеңнен тұратын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
    Игілік ауылына қатысты оқушылар тасымалы мен интернет сапасы мәселелері көтерілді. Байланысты жақсарту үшін ұялы байланыс операторларына радиожоспарлау жұмыстарын жүргізу және қосымша базалық станция орнату жөнінде сұраныс жолданған.
    Қаражон елді мекенінің тұрғындары көше жарығын орнату және балалар ойын алаңын салу туралы өтініш білдірді. Көшелерді жарықтандыруға қатысты аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес әр ауылдық округте екі мың метрге дейін жарықтандыру желісін орнату жоспарланып отыр.
    Қабылдауда өндіріс ашу, балық өсіруге жер бөлу, газ құю бекетін ұйымдастыру, қоғамдық көлік пен аялдама мәселелері де қозғалды. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштердің шешімі құжаттарды нақтылауға, жауапты мекемелердің қорытындысына және қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қаралады.
    ©️ Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Сауран ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары