БАБАЙҚОРҒАНДА «АУЫЛДЫ ДАМЫТУ КОМАНДАСЫ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

    Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов арнайы жұмыс сапарымен Сауран ауданына келді. Сапар барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Бабайқорған ауылдық округінде іске асырылатын «Ауылды дамыту командасы» пилоттық жобасы бойынша жоспарланған жұмыстармен таныстырды.
    Аталған бастама Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынуда. Құжатта Ұлттық экономика министрлігіне Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауылды дамыту командасы» тетігін пилоттық режимде енгізуді қамтамасыз ету тапсырылған.
    Сауран ауданында пилоттық жоба Бабайқорған ауылдық округінде жүзеге асырылады. Округ құрамына Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Мұнда 6 920 тұрғын тұрады, 960 жеке қосалқы шаруашылық бар.
    Нұрлан Мақсұтов сапар аясында жобаны енгізуге дайындық барысымен, аудан және ауыл деңгейінде атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарымен танысты. Ұсынылған жұмыс моделінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен табыс көздерін зерделеп, әр отбасының қажеттілігіне қарай жеке қолдау жоспарын әзірлеу көзделген. Осы жоспар арқылы азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқуға жіберу, кәсіп бастауға және мемлекеттік қолдау шараларына қатысуға жәрдемдесу қарастырылған.
    Команда құрамына жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандарын тарту ұсынылған. Олар тұрғындарға құжат рәсімдеуден бастап, бизнес-жоспар әзірлеу мен жобаны іске асыруға дейін сүйемелдеу көрсетеді. Ауыл деңгейінде отбасылармен тікелей жұмыс жүргізіліп, көрсетілген қолдаудың нәтижесі тұрақты бақыланбақ.
    Басым бағыттардың бірі – D және E санатындағы азаматтарды «Ауыл аманаты» жобасына тарту. Бұл міндет жобалық кеңес отырысының хаттамасында да белгіленген. Осыған байланысты Бабайқорған ауылдық округіндегі ет бағытындағы «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейту жоспарланған. Ұсынылған модельде 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооперативке өткізуін ұйымдастыру және бес адамды жұмыспен қамту көзделеді.
    Пилоттық жоба ауыл тұрғындарына көрсетілетін қолдауды өзара үйлестіріп, отбасылардың тұрақты табыс табуына жағдай жасауға бағытталған. Бабайқорған ауылдық округіндегі жұмыс тұрғындардың нақты қажеттілігі мен жергілікті шаруашылық мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіледі.
    ©️ Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Сауран ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары