ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРАЛДЫ

    Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауда 9 тұрғын 11 мәселе көтерді. Олардың қатарында жер телімдерін пайдалану, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау, елді мекендердің инфрақұрылымы және электр энергиясының тарифі жөніндегі өтініштер болды.
    Бабайқорған ауылдық округіндегі суармалы жерлер конкурсына қатысты сұраққа жауап берілді. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен конкурс сараптама аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылған. Оның қорытындысы мен конкурс өткізу мерзімі қосымша хабарланады.
    Майдантал ауылдық округіне қарасты Егізқара елді мекенінің тұрғындары ауызсу, электр жарығы және жол мәселесін көтерді. Елді мекенге ауызсу тұрақты беріліп отырғаны айтылды. Электрмен жабдықтау және сыртқы жарықтандыру бойынша «Sauran Solar Power» компаниясы техникалық есеп жүргізіп, жобалық шешімдерді пысықтап жатыр. Жұмысты қазан айының соңына қарай бастау жоспарланған.
    Қабылдауда жұмыс сұраған азаматтардың өтініштері аудандық Мансап орталығына жолданады. Ал жол бойында маусымдық сауда орнын ашу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өзге кәсіпкерлікке жер алу тәртібі түсіндірілді: бұл мәселелер заңнамада белгіленген конкурс немесе аукцион арқылы шешіледі. Электр тарифіне қатысты өтініш бойынша да тұрғынға қолданыстағы тариф туралы ақпарат берілді.
    Аудан әкімі жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне әр өтінішті белгіленген тәртіппен қарап, тұрғындарға қабылданған шешімдер туралы хабарлауды тапсырды.
    ©️ Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Сауран ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары