19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жиынға бөлім басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Мұхтар Қуанышбаев қатысты.
Аудан әкімі құттықтау сөзінде құтқарушылардың төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындарды қауіп-қатерден қорғау және қиын сәтте көмек көрсету жолындағы еңбегін атап өтті. Бұл міндеттер жоғары жауапкершілікті, шұғыл шешім қабылдай білуді және кәсіби даярлықты талап ететінін айтты.
Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарының амандығы мен қауіпсіздігі үшін күнделікті міндеттерін атқарып жүрген мамандарға алғыс айтып, оларға денсаулық пен жұмыстарына табыс тіледі.
Мерекеге орай бірқатар қызметкерге «Сауран ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталып, аудан әкімінің Алғыс хаттары берілді.







