Сауран ауданында жылыту маусымына дайындық аясында электр желілері мен трансформаторлардың жай-күйі, тұрғындар мен әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің баяндамасында мектептер, балабақшалар, медициналық нысандар мен ауылдық округтердегі электр жабдықтарының жағдайы туралы мәлімет берілді.
Ауылдық округ әкімдіктерінің теңгеріміндегі және иесіз трансформаторларды мемлекеттік тіркеуден өткізу, оларды «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына беру мәселесіне назар аударылды. Бірқатар ауылдық округ тиісті құжаттарын тапсырғанымен, қалған округтерде құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын аяқтау қажет.
Сондай-ақ мекемелердегі электр желілері мен трансформаторларды тексеру, анықталған ақауларды актімен рәсімдеу және жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Аталған жұмыстар жылыту маусымында электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.






