Республика күні қарсаңында Ақмола облысында тұрғындардың демалысына арналған жаңа қоғамдық кеңістік – «Бірлік» саябағы ашылды. Жоба өңірді көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру және қолайлы қалалық ортаны дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Саябақтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген өңір басшысы табиғатты сақтау мен қоршаған ортаға қамқорлық таныту әр адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, экологиялық мәдениет ағаш отырғызу, тазалықты сақтау және туған өлкенің табиғатына ұқыпты қарау сияқты нақты істерден басталады.
«Таза Қазақстан» қағидаты жасампаз дүниетанымды қалыптастырып, азаматтарды ортақ мақсат төңірегінде біріктіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл акция экологиялық мәдениетті дамытуға және әр азаматтың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ақмола облысының қалалары мен аудандарында тұрақты түрде экологиялық акциялар, сенбіліктер, экологиялық марафондар, аумақтарды көгалдандыру және санитарлық тазарту шаралары, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», – деді Марат Ахметжанов.
2026 жылдың басынан бері өңірде 1 000-нан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оларға 17 мыңнан астам адам қатысты. Бұл жұмыстар қалалар мен ауылдық елді мекендерді қамтып, тұрғындарды аумақтарды абаттандыруға және туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға жұмылдырып келеді.
Көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 2,8 мың гектар аумаққа шамамен 16 млн көшет отырғызылды. Ал 2021–2025 жылдар аралығында 11 мың гектар жерге орман екпелері отырғызылып, барлығы 74 млн ағаш егілді.
Сонымен қатар өңірде тұрғындардың жайлы демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында Көкшетаудағы «Көк шалғын» және «Жаңа жағалау» саябақтары, сондай-ақ Щучье қаласындағы «Ұмай ана» саябағы бар. Жаңа «Бірлік» саябағы да осы бастамалардың жалғасы ретінде тұрғындардың серуендеуіне, отбасымен демалуына және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін тағы бір орынға айналмақ.









