Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорабай Шамғанов пен Зұлқарнай Нұғымановтың шаңырағына барып, оларды 90 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Өңір басшысы ақсақалдарға көп жылғы еңбегі мен облыстың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Марат Ахметжанов аға буынның қоғам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығы жастарға үлгі болып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуге ықпал етеді.
Қорабай Шамғанов№ 57 механикаландырылған колоннада 35 жыл еңбек етіп, бас инженерден басшының орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтті. Ол энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосты. Еңбегі мен жетістіктері үшін «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл», «Жеңіске 80 жыл» медальдарымен және Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған медальмен марапатталған.
Қазіргі уақытта да Қорабай Шамғанов қоғамдық өмірге белсенді араласып келеді. Ол жастарға патриоттық тәрбие беруге атсалысады, шахмат ойнауды ұнатады. Сондай-ақ ардагерлер арасындағы өңірлік турнирлерде Көкшетау қаласының намысын қорғап, қалалық жарыстарда бас төреші болған. Жұбайы Рауза Қозайдарқызымен бірге алты бала тәрбиелеп өсірген.
Зұлқарнай Нұғымановта саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Еңбек жолында механизатор, тракторшы, бригадир және кеңшар басқарушысы қызметтерін атқарып, аграрлық саланың дамуына үлес қосты. Еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Аға буын өкілдерімен мұндай кездесулер — өңірдің дамуына үлес қосқан, өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болатын азаматтарға құрмет көрсету мүмкіндігі. Олардың өнегелі жолын насихаттау және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады.









