Жапонияда V Азия Пара ойындарына қатысушы елдердің тулары көтерілді

    Жапонияда V Азия Пара ойындары қарсаңында қатысушы елдердің ұлттық делегацияларын қарсы алу рәсімі өтті.

    Салтанатты шара барысында қатысушы мемлекеттердің тулары көтеріліп, ұлттық әнұрандары орындалды. Сондай-ақ делегация өкілдері бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады.

    Іс-шара аясында Жапонияның мәдениеті мен дәстүрін таныстыратын өнер көрсетілімдері ұйымдастырылып, V Азия Пара ойындарының бойтұмары мен негізгі рәміздері таныстырылды.

    Ойындардың ресми бойтұмары — Узумин. Оның атауы жапон тіліндегі uzu («иірім») және izumi («бұлақ») сөздерінен құралған. Азия ойындарының бойтұмары Хонохона отты бейнелесе, Азия Пара ойындарының бойтұмары Узумин судың символы ретінде таңдалған. Су үнемі қозғалыста болып, өз жолын табатыны сияқты, Узумин де табандылықты, алға ұмтылуды және үздіксіз дамуды білдіреді.

    Ал ойындардың «IMAGINE ONE HEART» («Бір жүрекпен бірігейік») ұраны бірлік пен өзара қолдау идеясын дәріптейді. Оның басты мақсаты — қоғамдағы кедергілерді жойып, адамдарды спорт арқылы жақындастыру, теңдік пен инклюзия құндылықтарын насихаттау.

    Айта кетейік, V Азия Пара ойындарында Қазақстан атынан 150 спортшы 12 спорт түрінен бақ сынайды.

    Құрлықтық дода 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Алғашқы жарыстар 16 қазанда пара үстел теннисінен басталды.

    Ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласындағы Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.

    Салтанатты шеруде Қазақстанның Мемлекеттік туын пара жеңіл атлетикадан Париж-2024 жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шығады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті" жаңалықтары