Ақмола облысында Қазақстандағы алғашқы 900 басқа арналған роботтандырылған сүт-тауарлы ферма ашылды

    1 / 13

    Ақкөл ауданының Еңбек ауылында «Еңбек» ЖШС-ның 900 басқа арналған роботтандырылған сүт-тауарлы фермасы жұмысын бастады. Бұл – осындай ауқымдағы және роботтандыру деңгейі жоғары Қазақстандағы алғашқы кешен. Мұнда негізгі өндірістік үдерістер автоматтандырылған, ал адамның тікелей қатысуы барынша азайтылған. Роботтандырылған жүйелер сиырларды сауу жұмыстарын атқарса, арнайы жабдықтар малды азықтандыру мен оларды күтіп-бағуға қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Жаңа кәсіпорынның жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты.

    Жобаның жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайды. Оның 3,1 млрд теңгесі «Көкше» ӘКК» АҚ-ның қатысуымен бөлінсе, қалған 5 млрд теңге шаруашылықтың өз қаражаты есебінен қаржыландырылған.

    «Бұл оқиғаның Қазақстан Республикасы Күніне орайластырылуының символдық мәні зор. Бұл мереке еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін және даму жолындағы ұмтылысын айшықтайды. Осындай кәсіпорынның іске қосылуы – өңірдегі сүтті мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам. Жоба Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының кластері аясында мемлекеттік қаржылық қолдаудың арқасында жүзеге асырылуда.

    Жыл соңына дейін Ақмола облысында тағы екі ірі сүт-тауарлы ферма ашу жоспарланып отыр. Оның бірі Атбасар ауданында 760 басқа, екіншісі Бурабай ауданында 1 400 басқа арналған. Бурабай ауданындағы жоба аясында сүт өңдеу зауытын іске қосу да көзделген», – деді Марат Ахметжанов.

    Қазіргі уақытта «Еңбек» ЖШС шаруашылығына 770-тен астам ірі қара жеткізілген. Оның ішінде Даниядан әкелінген голштин тұқымды 300 бас сиыр бар. Сонымен қатар шаруашылықта асыл тұқымды мал мен құнажындар өсіріледі. Жоба толық қуатына шыққан кезде кешенде 900 сауын сиыр ұсталатын болады. Жылдық сүт өндіру көлемі 4 230 тоннаны құрайды деп күтілуде.

    Кешеннің басты ерекшелігі – роботтандыру деңгейінің жоғарылығы. Мұнда Германияның GEA Westfalia компаниясы шығарған 12 сауу роботы орнатылған. Жабдықтардың құны 1,9 млрд теңгені құрайды.

    «Кешенде 900 сауын сиырға қызмет көрсетуге арналған роботтар орнатылған. Автоматтандырылған сауу жүйесімен қатар, климатты бақылау, малды азықтандыру және көңді тазалау жүйелері енгізілген. Күнделікті жұмыстардың басым бөлігі адамның тікелей қатысуынсыз орындалады. Мамандар жабдықтардың жұмысын бақылап, малдың жағдайын қадағалайды. Біздің мақсатымыз – әр сиырдан жылына 8,5 мың литрге дейін сүт алу», – деді ферма басшысы Қуаныш Рақышев.

    Рақышевтың айтуынша, жұмысты кешенді ұйымдастыру санитарлық талаптарды сақтауға және шикізат сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында өндірілген сүт қазірдің өзінде «Гормолзавод» ЖШС-не жеткізіліп, одан түрлі сүт өнімдері, соның ішінде көпшілікке танымал балмұздақ өндіріледі.

    Сүтті мал шаруашылығын дамыту Ақмола облысының еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі және елорданың азық-түлік белдеуі ретіндегі орнын нығайта түседі. Бүгінде өңірде жылына шамамен 90 мың тонна тауарлы сүт өндіріледі. Соңғы екі жылда сүт өндіру көлемі 1,8 есе артқан.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары