Ақмола облысында «Ақкөл Құс» құс фабрикасының өндірістік қуатын жылына 90 млн-нан 200 млн данаға дейін арттыру жоспарлануда. Жоба жаңа корпустар салуды және өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуды көздейді. Жұмыс сапары барысында кәсіпорынды дамыту жоспарымен облыс әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин танысты.
2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан құс фабрикасы тағамдық тауық жұмыртқасын өндіруге маманданған. Бүгінде мұнда жұмыртқалайтын тауықтарға арналған алты корпус, жас құстарды өсіруге арналған екі корпус, сондай-ақ жеке жем цехы мен сұрыптау жабдықтары бар жұмыртқа қоймасы жұмыс істейді. 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша құс саны 300 мың бастан асады. Жыл басынан бері 48 млн дана жұмыртқа өндірілген.
Кәсіпорын өнімдері Ақмола және Түркістан облыстарына, Астана мен Көкшетау қалаларына, сондай-ақ Қырғызстанға жеткізіледі. Соңғы екі жылда фабрикада құстарды күтіп-бағу және өсіру жабдықтары жаңартылды.
«Кәсіпорынды дамытудың келесі кезеңі жұмыртқалайтын тауықтарға арналған, жалпы сыйымдылығы 324 мың басқа есептелген төрт заманауи корпус салуды көздейді. Бұл қосымша жылына 110 млн дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде фабриканың жалпы өндірістік қуаты жылына 200 млн данаға жетеді.
Сонымен қатар жоба аясында жас құстарды өсіруге арналған корпус салу, сағатына 30 мың жұмыртқа сұрыптайтын желісі бар қойма тұрғызу және жем цехын кеңейту жоспарланған. Инфрақұрылымды жаңарту құс санын арттыруға, өндіріс тиімділігін көтеруге және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді», – деді құс фабрикасының директоры Ерхат Тәженов.
Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылғы қарашада бастау жоспарланып отыр. Қытай мен Еуропадан жеткізілетін жабдықтарды монтаждау келесі жылға белгіленген. Бірінші кезеңді 2027 жылғы сәуірде аяқтап, 2028 жылдың ортасына қарай жобалық қуатқа шығу көзделіп отыр.
Жобаны іске асыру нәтижесінде 71 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта кәсіпорында шамамен 80 адам еңбек етеді.
Кәсіпорынды кеңейту өңірде отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болмақ. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 2028 жылға қарай өңірде жұмыртқа өндірісін жылына 1 млрд данаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгінде Ақмола облысы Қазақстанның тағамдық жұмыртқаға деген қажеттілігінің шамамен 15 пайызын қамтамасыз етеді және елдегі құс етінің 30 пайызға жуығын өндіреді.









