«Aqtobe su-energy group» АҚ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы негізгі жылу магистральдарын қайта жаңғыртуда. Диаметрі 820 мм болатын жылу желілерін жаңарту жобасының жалпы ұзындығы — 5,2 шақырым.
Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет 312-атқыштар дивизиясы даңғылы бойында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. «Aqtobe su-energy group» АҚ басшысы Нағымжан Алдияров жобаның жүзеге асырылуы туралы баяндады.
«Қазіргі уақытта 312-атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы М-III жылу магистралінің үш учаскесінде жұмыстар қарқынды. Бас мердігер — «ВЛАД» компаниясы. Жоба аясында ескі құбырлардың 2 500 метрі демонтаждалып, заманауи ППУ-ОЦ оқшаулағышы бар 1 600 метр жаңа құбыр төселді.
ППУ-ОЦ оқшаулағышы бар құбырларды қолдану жылу шығынын азайтып, желілердің қызмет ету мерзімі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Нағымжан Алдияров.
Нысандарда автокрандар, ұзын өлшемді жүк көліктері, тиегіштер мен монтаждау бригадалары жұмыс істеуде. Облыс әкімі жұмыстардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Басты мақсатымыз — қаланың жылу инфрақұрылымын жаңғыртып, ақтөбеліктерді сенімді әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар қолданыстағы жылу беру маусымына кедергі келтірмеуі керек», — деді Асхат Шахаров.









