Ақмола облысында 900 сауын сиырға арналған, құны 8,1 млрд теңгелік заманауи роботтандырылған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысты.
«Еңбек» серіктестігі жүзеге асырған жоба Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне тарату бағдарламасы аясында қолға алынған.
Фермадағы негізгі өндірістік үдерістер толықтай автоматтандырылған. Мал сауу, азықтандыру, қора-жайдың қолайлы жағдайын сақтау және көң тазалау жұмыстарының барлығын роботтандырылған жүйелер атқарады. Кәсіпорында Германияның GEA Westfalia компаниясы шығарған 12 сауын роботы мен климаттық бақылау жүйелері бар. Ал мамандар қондырғылардың жұмысын қадағалап, малдың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстайды.
«Ауыл шаруашылығында жоғары технологиялы мал шаруашылығын дамыту және цифрлық шешімдерді енгізу – агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мұндай инвестициялық жобалар өндіріс үдерістеріндегі адами фактордың ықпалын азайтып қана қоймай, биологиялық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздің сүт өндірісі саласының өнімділігін жаңа сапалық деңгейге көтереді. Заманауи әрі бәсекеге қабілетті шаруашылықтар құруға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіледі», – деді Аманғали Бердалин.
Бүгінде фермаға 770-тен астам ірі қара жеткізілген. Оның ішінде Даниядан әкелінген голштин тұқымды 300 қара ала сиыр бар.
Жоба толық іске қосылған кезде кешенде 900 сауын сиыр ұстауға мүмкіндік туады.
Өндірістік үдерістердің жүйелі ұйымдастырылуы санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтай отырып, өңдеуге жіберілетін шикізаттың сапасын қамтамасыз етеді. Фермада өндірілген сүт қазірдің өзінде «Гормолзавод» кәсіпорнына жеткізілуде. Ол жерде жұртшылық сүйіп тұтынатын балмұздақты қоса алғанда, көптеген сүт өнімдері өндіріледі.
Осының барлығы Ақмола облысының Қазақстандағы жетекші аграрлық өңір ретіндегі орнын нығайтумен қатар, елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тіректердің біріне айналдыруда.
Қазіргі таңда өңірде жылына 90 мың тонна сүт өндіріледі. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 1,8 есе өскен.
Жыл соңына дейін өңірде тағы екі ірі ферма іске қосу жоспарлануда. Оның бірі Атбасар ауданында 760 басқа, екіншісі Бурабай ауданында 1 400 басқа арналады. Сонымен қатар Бурабай ауданындағы жоба аясында сүт өңдеу зауытын іске қосу да көзделген.









