Астанада «Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер: зерттеу нәтижелерінен нақты шешімдерге дейін» тақырыбында екі күндік өңірлік консультациялық семинар өз жұмысын бастады. Іс-шара Ауыл шаруашылығындағы әйелдердің қатысуын дамыту бастамасы (WADI) аясында ұйымдастырылды.
Семинарға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері мен фермер әйелдер қатысуда.
Осы ретте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Астанада штаб-пәтері орналасқан Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен (ИАТҚҰ) ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның ИАТҚҰ Бас Ассамблеясының жетінші отырысына төрағалық ету қорытындылары мен одан кейін Алматыда өткен дөңгелек үстелдің нәтижелеріне назар аударды.
«Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ИАТҚҰ аясында келер жылы өтетін Аграрлық көшбасшы әйелдер мен жас агрокәсіпкерлер жылына арналған іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсынымдарды қамтитын қорытынды құжаттың жобасы дайындалды. Бағдарлама оқыту, тәлімгерлік қолдау көрсету және кәсіби байланыстарды дамыту бағыттарын қамтиды. Мұндай бастамалар өз кәсібін ашуға, кәсіпкерлік қабілетін шыңдауға және басқарушылық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын әйелдерді қолдауға мүмкіндік береді», — деді Назгүл Хатепова.
Әйелдер еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар өндірістік және кәсіпкерлік қызметті отбасына қамқорлық жасаумен әрі ауылдық қоғамдастықтардың өміріне белсене араласумен қатар алып жүр.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанның ауылдық жерлерінде 3,6 млн әйел тұрады. Ауыл шаруашылығы саласында 391,2 мың әйел еңбек етеді. Бұл — салада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 40 пайызы.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тіркелген ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің 74,7 мыңын әйелдер басқарады. Бұл олардың жалпы санының төрттен бірінен астамын құрайды.
Назгүл Хатепова агроөнеркәсіп кешеніне арналған қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктерді қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және фермерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.
Семинар аясында WADI бастамасы шеңберінде жүргізілген «Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер» зерттеуінің нәтижелері де таныстырылды. Сауалнамаға еліміздің 17 өңірінен агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететін 477 әйел қатысты. Зерттеуге қатысушылар саладағы тәжірибелерімен бөлісіп, күнделікті жұмыс барысында кездесетін негізгі қиындықтарды атап өтті.
Зерттеу барысында анықталған басты кедергілердің бірі — қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндігінің шектеулілігі. Сонымен бірге нәтижелер аграрлық саладағы әйелдердің қаржылай қолдаумен қатар, бизнесті жүргізу бойынша білім алуға да мүдделі екенін көрсетті. Бұл агроөнеркәсіп кешенінде кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді қолдау шараларының қажеттігін аңғартады.
Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы Бас директоры аппаратының басшысы, елші Азамат Бердібайдың айтуынша, зерттеу нәтижелері Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде еңбек ететін әйелдерді қолдаудың нақты шараларын әзірлеуге және WADI бастамасын одан әрі дамытуға негіз болады.
Семинар қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, заманауи технологияларға қолжетімділікті кеңейтуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуды ұштастыратын басым пилоттық жобаларды айқындау жоспарланып отыр. Оларды әзірлеу барысында жеке қосалқы шаруашылықтарда еңбек ететін әйелдердің қажеттіліктеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Семинар жұмысы 16 қазанда тақырыптық пікірталастар мен WADI бастамасы аясындағы пилоттық жобаларды талқылау форматында жалғасады. Жиын барысында әзірленетін ұсыныстар агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдерді қолдаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға және олардың ауылдық аумақтардың экономикалық дамуына белсенді қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады.









