Шымкент қаласында көксеркені көбейту және тауарлық мақсатта өсіру мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті. Іс-шараны Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Орталық Азия және Кавказ балық шаруашылығы және аквамәдениет жөніндегі өңірлік комиссиясы (CACFish) ұйымдастырды.
Семинарға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия, Украина, Чехия, Венгрия және Грузиядан балық шаруашылығы саласының халықаралық сарапшылары қатысты. Қазақстан атынан іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысты.
Семинар барысында мамандар көксеркені жасанды жолмен көбейту, аналық үйірді қалыптастыру және басқару, уылдырықты инкубациялау, шабақ өсіру, балықты азықтандыру, оның саулығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ суды тұйық айналымда пайдалану жүйелерін қолдану мәселелерін қарастырды.
Бұдан бөлек, көксерке өсірудің экономикалық тиімділігіне және Қазақстандағы балық өсіру шаруашылықтарына озық технологияларды енгізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан үшін аквашаруашылықты дамыту стратегиялық маңызға ие. Біздің міндетіміз – балық өсіру көлемін ұлғайтып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізуге, өндіріс тиімділігін арттыруға және отандық балық өнімдерінің түрін көбейтуге қолайлы жағдай жасау. Көксерке өсіру бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу саланы әртараптандыруға және бизнестің жаңа бағыттарын дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Серік Сермағамбетов.
Аквашаруашылық – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың перспективалы бағыттарының бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өсірілген балық көлемі 23 мың тоннаға жетті. Ал балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 700-ге жуықтады.
Саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – 2025 жылғы «Аквамәдениет туралы» Заңның қабылдануы. Аталған заң мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, ғылыми сүйемелдеуді дамытуға және инвестиция тартуға бағытталған.
Шымкентте өткен семинар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық технологиялармен тәжірибе алмасуға және Қазақстанда аквашаруашылықты тұрақты дамытуға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу көксеркені көбейту мен тауарлық мақсатта өсірудің тиімді тәсілдерін айқындауға, сондай-ақ оларды отандық кәсіпорындарда қолдану мүмкіндіктерін бағалауға жол ашады.









