Ғалиолла Мейірман: отандық селекцияның дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым

    1 / 6

    Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіби жолы өз ісіне адалдықтың үлгісіне айналып, көп жылғы еңбегі отандық ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары туралы баяндайтын мақалалар топтамасын жалғастыруда. Солардың бірі — көрнекті қазақстандық ғалым-селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Төлендіұлы Мейірман.

    Ауыл шаруашылығы дақылдарының әрбір жаңа сұрпының артында ұзақ жылғы зерттеу, тынымсыз еңбек, сан мәрте жүргізілген далалық сынақтар мен үздіксіз ғылыми ізденіс жатыр. Селекционердің жұмысы терең білімді, табандылықты, төзімділік пен нәтижеге деген жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өйткені ғылыми ізденістің жемісі егін алқабында көрініс тауып, ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына қызмет етеді.

    Ғалиолла Төлендіұлы Мейірман 1969 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша үздік бітірген. Содан бері ол кәсіби қызметін Қазақстанның табиғи-климаттық ерекшеліктеріне бейімделген, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығаруға арнады. Ғылыми зерттеулерінің маңызды бағытының бірі — мал шаруашылығының берік жемшөп қорын қалыптастыруда айрықша маңызға ие жоңышқаны қоса алғанда, мал азықтық дақылдар селекциясы.

    Еліміздің ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі еңбек жолында Ғалиолла Мейірман ғылыми қызметкерден мал азықтық дақылдар селекциясы орталығының басшысына дейінгі кәсіби белестерден өтті. Әр жылдары ғылыми ұйымдарда басшылық қызметтер атқарып, Арал өңірінде еңбек етті. Сонымен қатар ұстаздық қызметпен айналысып, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына және ғылыми кадрлар даярлауға елеулі үлес қосты.

    Ғалымның көп жылғы ізденісі мен қажырлы еңбегінің басты нәтижелерінің бірі — ауыл шаруашылығы дақылдарының 30-дан астам сұрпын шығару. Оның авторлығымен және тікелей қатысуымен жоңышқа, түйежоңышқа, эспарцет, күріш, мақсары, рапс және қышаның жаңа сорттары дүниеге келді. Олардың қатарында «Капшагайская 80», «Дархан», «Жайнак», «Кокорай», «Туркестан», «Өсімтал», «Аркас», «Сарайчик», «Жамиля», «Майлы», «Сафия», «Арал 202» және «Ару» сорттары бар.

    Қазақстанның аграрлық өндірісі үшін мұндай ғылыми ізденістердің маңызы ерекше. Өйткені еліміздің көптеген өңірінде қуаңшылық, ылғал тапшылығы мен топырақтың тұздануы егін шаруашылығына елеулі қиындықтар туғызады. Осындай жағдайда табиғи-климаттық ерекшеліктерге төзімді, өнімділігі жоғары дақыл сорттарын шығару отандық өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

    Ғалиолла Төлендіұлы үшін ғылым ешқашан тәжірибеден бөлек болған емес. Ол ғылыми зерттеулердің нәтижесі жер өңдеп, өнім өсіріп отырған еңбек адамдарының қажетін өтеуге, өндірістегі нақты мәселелерді шешуге бағытталуы керектігін ұстанды. Ғалымның кәсіби ұстанымынан ғылым мен өндірістің өзара сабақтастығын, ғылыми жаңалықтың ел игілігіне қызмет етуі қажеттігін аңғаруға болады.

    Академиктің ғылыми мұрасы да ауқымды. Ол 230-дан астам ғылыми жарияланымның авторы. Еңбектерінің қатарында «Жоңышқа» атты монографиясы, оқу құралдары мен ауыл шаруашылығы мамандарына арналған практикалық ұсынымдар бар. Бұл еңбектер ғылыми білімді жүйелеуге, оны тәжірибеде қолдануға және аграрлық сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.

    Ғалымның тағы бір маңызды жетістігі — білікті ғылыми кадрлар даярлауға қосқан үлесі. Төрт ғылым докторын, он ғылым кандидатын, бес PhD докторын және он магистрантты дайындап, жетекшілік етті. Бұл ғалымның ғылыми мектебінің жалғастырып, жинақтаған тәжірибесі мен білімінің кейінгі буынға беріліп жатқанының айғағы. Жас мамандарды тәрбиелеу арқылы Ғалиолла Мейірман отандық аграрлық ғылымның болашағын қалыптастыруға да үлес қосты.

    Ғалымның көп жылғы қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. 2016 жылы ол «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар «Еңбек даңқы» және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медальдарына ие болды. Бұл марапаттар — оның ғылым мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолындағы ұзақ жылғы еңбегіне көрсетілген құрмет.

    Ғалиолла Төлендіұлы Мейірманның өмір жолы — ғылымға адалдықтың, еңбекке беріктіктің және ел игілігі үшін қызмет етудің жарқын үлгісі. Ол бар ғұмырын жердің өнімділігін арттыруға, отандық селекцияны дамытуға және ауыл шаруашылығының ғылыми негіздерін нығайтуға арнады.

    Ғалымның кәсіби жолы ғылымның шынайы нәтижесі ғылыми еңбектер мен зерттеу қорытындыларында ғана емес, олардың өндіріске енгізіліп, халық игілігіне қызмет етуінде екенін көрсетеді. Жаңа сұрыптар, тәжірибеде қолданылатын ғылыми ұсынымдар мен білікті мамандар ел дамуына қосылған өлшеусіз үлес саналады.

    Ғылымды жер игілігімен ұштастырып, еңбегін ел қажетіне арнаған Ғалиолла Мейірманның өмір жолы — отандық аграрлық ғылым үшін өнеге, ал кейінгі ұрпақ үшін тағылымды мектеп деуге болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары