Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін қарады. Кездесуде баспанаға қол жеткізу, әлеуметтік қолдау, ауыз сумен қамту және коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты мәселелер көтерілді.
Өтініш білдіргендердің басым бөлігі тұрғын үй мәселесін шешуге жәрдем сұрады. Олардың қатарында көпбалалы аналар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.
Осы ретте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету тәртібіне қатысты өзгерістер түсіндірілді. 2026 жылғы 2 наурыздан бастап тұрғын үйді бөлу және кезекте тұрған азаматтарға ұсыну жұмыстары «Отбасы банк» құзыретіне берілді. Жергілікті атқарушы органдар банк тарапынан тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана тұрғын үйлерді құжаттандыру және рәсімдеу жұмыстарын жүргізеді.
Қабылдау барысында ауыз сумен қамту, коммуналдық қызметтердің жұмысы және заңсыз құрылыс нысандарына қатысты шағымдар да айтылды.
Кездесуде бірқатар өтініш бойынша түсініктеме беріліп, қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жөнінде жауапты басқарма басшылары мен мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Облыс әкімі әрбір өтініштің заңнама талаптарына сәйкес қаралуын және көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралардың қабылдануын бақылауға алды.









