Ақтөбеде қазақтың көрнекті ақыны, сазгері әрі драматургі Бәкір Тәжібаевтың ескерткіш-мүсіні ашылды. Тағылымды шара облыстық халық шығармашылығы орталығының алаңында өтіп, халқына мол рухани мұра қалдырған өнер иесінің есімін ұлықтауға арналды.
Ескерткіш-мүсіннің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Бәкір Тәжібаевтың ұлы Жасұлан Тәжібаев, туыстары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Ескерткіш-мүсінді ашу рәсімі Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров пен ақынның туысы Ақан Төлеуовке ұсынылды. Салтанатты рәсім барысында Бәкір Тәжібаевтың әндері орындалып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Шарада облыс әкімі Асхат Шахаров ақынның шығармашылық мұрасын сақтау мен дәріптеудің маңызын атап өтті.
«Бұл ескерткіш-мүсін – ел тарихында өзіндік қолтаңбасы бар тұлғаның рухына тағзым етіп, оның шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында орнатылған.
Бәкір ағамыздың өмірі мен шығармашылығы Ақтөбе өңірімен біте қайнасып жатыр. Ол туған жерінің табиғатын, ел тұрмысын, адам жан дүниесін шығармаларына арқау етті. Ақынның сырлы жырлары мен әсем әндері бүгінде халқымыздың рухани қазынасына айналды.
Бүгінгі ескерткіш-бюсттің дәл осы жерде орнатылуының да өзіндік мәні бар. Бұл ғимарат – халық шығармашылығын насихаттайтын рухани ордалардың бірі. Мұнда келген әрбір жан Бәкір ағамыздың бейнесіне тағзым етіп, оның өнері мен өнегесінен рухани нәр алады деп сенемін», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Бәкір Тәжібаев – қазақ поэзиясы мен ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер. Оның шығармалары туған жерге сүйіспеншілікті, адамгершілікті, махаббат пен сағынышты арқау етіп, халықтың рухани өмірінен берік орын алды. Ақынның сөзіне жазылған әндер бірнеше буынның жадында сақталып, қазақ музыкасының асыл мұрасына айналды.
Жаңа ескерткіш-мүсіннің авторы – мүсінші, монументалды өнер шебері Болатбек Салаев.









