Агенттік пен IOSCO Қазақстанның капитал нарығын реформалау мәселесін талқылады

    Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Бангкок қаласында (Таиланд) өткен жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) Бас хатшысы Родриго Буэнавентурамен кездесу өткізді.

    Тараптар Қазақстанның капитал нарығын дамыту перспективаларын, заңнаманы жетілдіру және реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу саласындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

    Кездесу барысында отандық қор нарығын дамытудың негізгі нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған басым міндеттер таныстырылды.

    2026–2030 жылдарға арналған Капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасына және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заң жобасына ерекше назар аударылды. Жоспарланған реформалардың негізгі бағыттарына нарықтық инфрақұрылымды жетілдіру, нарықтың ашықтығын арттыру және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту кіреді.

    Сондай-ақ цифрлық қаржы активтерін, оның ішінде токендендірілген құралдарды реттеу тәсілдері қарастырылды. Реттеудің негізгі қағидаты — қолданылатын технологияларға қарамастан, қызмет түрлері мен тәуекелдері ұқсас салаларға бірыңғай тәсілді қолдану.

    Тараптар реттеу мен қадағалау жүйесін жетілдіру, инвесторлардың сенімін арттыру және Қазақстанның капитал нарығын орнықты дамыту мақсатында IOSCO-мен одан әрі ынтымақтастық орнату мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын баса атап өтті.

    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    press@finreg.kz

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары