Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтықтың бірнеше кезеңнен тұратын схемасы туралы ескертті. Қаскөйлер азаматтарды олардың атына несие рәсімделгені және цифрлық сенімхат берілгені туралы хабарламалармен қорқытады. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.
Алаяқтар қазақстандықтарға азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейлі банктердің атынан жалған хабарламалар жібереді. Онда алушының атына «цифрлық сенімхат» рәсімделгені және оны бөгде адамдар пайдаланып жүргені немесе несие мақұлданғаны айтылады.
Жағдайды анықтау үшін азаматтарға көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады. Қазақстан Ұлттық Банкінің ескертуінше, алаяқтықтың бірнеше кезеңнен тұратын схемасы дәл осы әрекеттен басталады.
«Мұндай хабарламалардың басты мақсаты – адамды алаңдатып, көрсетілген нөмірге өз еркімен қоңырау шалуға итермелеу. Әңгіме барысында алаяқтар оған “сенімхатты жоюды”, “несиеге берілген өтінімді бұғаттауды” немесе “ақшалай қаражатты қорғауды” ұсынады.
Одан кейін қаскөйлер өздерін Ұлттық Банктің, арнайы мемлекеттік органдардың немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Олар азаматтың атынан заңсыз әрекеттер жасалып жатқанын, атап айтқанда, несие рәсімделіп, компаниялар тіркеліп, күмәнді қаржылық операциялар жүргізіліп жатқанын немесе ақшалай қаражатты ұрлауға әрекет жасалып жатқанын айтады.
Осындай әрекеттердің алдын алу деген сылтаумен азаматтарды SMS арқылы келген кодты айтуға, банк картасының деректемелерін беруге, мобильді қосымша орнатуға, ақшаны “қауіпсіз”, “резервтік” немесе “жинақ” шотына аударуға не мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беруге көндіреді», – делінген хабарламада.
Ұлттық Банктің мәліметінше, Қазақстан Республикасындағы банктердің, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері банк карталарының деректерін, SMS-кодтарды, карталар мен қосымшалардың PIN-кодтарын сұрамайды. Сондай-ақ ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды немесе мобильді құрылғыға қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатуды ұсынбайды.
«Осындай хабарламаларды алған жағдайда, онда көрсетілген нөмірлерге қайта қоңырау шалуға, сілтемелерге өтуге немесе белгісіз адамдардың нұсқауларын орындауға болмайды. Ақпаратты тексеру үшін тиісті банктің немесе азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің ресми байланыс орталығына хабарласу қажет.
Еске саламыз, Ұлттық Банктің қызметкерлері аудио және бейнеқоңыраулар шалмайды, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, ақшалай қаражатты пайлық инвестициялық қорларға және басқа да қаржылық өнімдерге инвестициялауды ұсынбайды, ақшалай қаражатты сақтандырумен айналыспайды және халықпен ақшалай есеп айырысуды жүзеге асырмайды.
Егер сіз алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуді қатаң ұсынамыз. Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласуға болады», – деп толықтырды Ұлттық Банк өкілдері.









