Несие алуға ерікті түрде тыйым салу қазақстандықтарды алаяқтардан қорғауы мүмкін. Алайда кейбір жағдайларда, мысалы, қайта қаржыландыру кезінде бұл шектеу қолданылмайды. Толығырақ NUR.KZ материалында.
Қазақстандықтарға бірнеше жылдан бері «Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметі қолжетімді. Бұл қызметті «Стоп-кредит» деп те атайды.
Оның көмегімен өз атыңызға несие рәсімдеу мүмкіндігін тегін шектеуге болады. Егер бұл қызмет қосылған болса, банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) клиентке жаңа қарыз беруге құқылы емес.
Алайда «Стоп-кредит» қызметінің ерекшеліктері бар. ZANGER | PRG Telegram-арнасының хабарлауынша, тыйым салынғанына қарамастан, кейбір жағдайларда қарыз алуға болады.
«Стоп-кредит» мынадай жағдайларда банктік қарыздарға қолданылмайды:
тауардың, жұмыстың немесе қызметтің ақысын тікелей сатушыға төлеу кезінде (тауарлық кредит);
сол банктің ішінде қарызды қайта қаржыландыру кезінде;
тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін төлем картасы бойынша 150 АЕК-ке дейінгі кредиттік лимитті пайдалану кезінде (2026 жылы 648 750 теңге);
салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті төлеу кезінде.
Микрокредиттер бойынша да осындай ерекшеліктер қарастырылған. Олар тауарлар мен қызметтердің ақысын тікелей сатушыға төлеуге, сол микроқаржы ұйымында (МҚҰ) қарызды қайта қаржыландыруға, сондай-ақ салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге қатысты. Сонымен қатар бұл тыйым ломбардтар беретін қарыздарға қолданылмайды.
Қалған жағдайларда банктер мен МҚҰ несие бере алмайды. Егер қандай да бір себеппен несие берілсе, заңға сәйкес, қарыз берушінің кінәсінен кеткен қате үшін берешек есептен шығарылуға тиіс.
Сондай-ақ несиеден ерікті түрде бас тарту қызметі бұрын рәсімделген қарыздарды жоймайтынын еске саламыз. Оларды бұрынғыдай өтеу қажет. Жаңа несие алуға шектеу қойылады, алайда қызметті өшіргіңіз келсе, қайта өтініш беріп, оны кез келген уақытта алып тастауға болады.







