Қазақстанда ата-ананы 21 жасқа дейін алимент төлеуге міндеттеуге бола ма?

    Қазақстанда кәмелетке толған балалар күндізгі бөлімде оқу кезінде ата-анасынан алимент ала алады. Алайда төлемді алу үшін сотқа жүгіну қажет. Талап арызды кім беруі тиіс екенін NUR.KZ тілшілері анықтады.

    Қазақстанда алиментті кәмелетке толмаған балалар ғана емес, кәмелетке толған студенттер де ала алады. Мұндай құқық ата-анасының бірі бөлек тұрып, баласына қаржылай көмек көрсетпеген жағдайда беріледі.

    Алайда PRG.ZANGER порталының мәліметінше, алимент төлеу мерзімі бала 18 жасқа толғаннан кейін автоматты түрде ұзартылмайды. Оны өндіріп алу үшін сотқа жүгіну қажет. Талап арызды студенттің өзі беруі тиіс. Оның тұруы мен оқу ақысын төлейтін ата-анасы өз атынан талап арыз бере алмайды, бірақ іске үшінші тұлға ретінде қатыса алады.

    Қандай жағдайда алимент алуға болады?

    Оқу кезеңінде алимент алу үшін мынадай талаптар орындалуы керек:

    • баланың жасы 18-ден асқан, бірақ 21 жасқа толмаған болуы;

    • күндізгі оқу бөлімінде білім алуы;

    • екінші ата-ананың баланы асырауға қаражат бермеуі.

    Алимент алу құқығы мектептер мен колледждердің оқушыларына, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттеріне де қолданылады.

    Осылайша, оқу кезеңінде алимент алудың шекті жасы – 21 жас. Бұл ретте оқу ұзақтығының маңызы жоқ. Мысалы, студент медициналық университетке түссе де, оқуын әлі аяқтамағанына қарамастан, 21 жасқа толғаннан кейін алимент алу құқығынан айырылады.

    Маңызды: алимент сотқа талап арыз берілген күннен бастап тағайындалады. Оқу басталған немесе бала кәмелетке толған күннен бастап есептелмейді. Сондықтан оқу кезеңіндегі өткен айлар үшін алиментті кейіннен өндіріп алу мүмкін емес.

    Алимент мөлшері қанша болады?

    Кәмелетке толмаған балаларға төленетін алименттен айырмашылығы, кәмелетке толған студенттерге берілетін алимент ата-анасының табысынан үлес түрінде емес, нақты сомада белгіленеді. Төлем мөлшері айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептеледі. Бұл ретте сот мынадай жағдайларды ескереді:

    • студенттің бұрынғы тұрмыс деңгейін;

    • екі тараптың материалдық және отбасылық жағдайын;

    • ата-анасының басқа балалары мен асырауындағы адамдардың бар-жоғын;

    • студенттің жеке табысын;

    • алимент мөлшеріне әсер етуі мүмкін өзге де мән-жайларды.

    Бұл жағдайлардың барлығы құжаттармен расталуы керек. Мысалы, бұрынғы тұрмыс деңгейін негіздеу үшін тамақтануға, тұруға, емделуге және басқа да қажеттіліктерге жұмсалған шығындар туралы мәліметтер қажет болуы мүмкін.

    Заңда кәмелетке толған студенттерге арналған алименттің ең төменгі немесе тұрақты мөлшері белгіленбеген. Қаралған сот істерінде төлем мөлшері айына 5-тен 30 АЕК-ке дейін болған. Сонымен қатар соттар талапкерлер сұраған сомадан төмен мөлшерде алимент тағайындаған жағдайлар да кездеседі.

    Түпкілікті сома нақты істің мән-жайларына және ұсынылған дәлелдерге байланысты. Сондықтан күндізгі бөлімде оқудың өзі белгілі бір мөлшерде алимент алуға кепілдік бермейді.

    Оқу ақысының жартысын өндіріп алуға бола ма?

    Оқу кезеңіне төленетін алимент білім алу ақысын төлеуді білдірмейтінін түсіну маңызды.

    Сот тәжірибесінде ата-аналардың оқу шығындарын өз атынан өндіріп алуға тырысқан жағдайлары кездеседі. Алайда соттар мұндай талаптарды қанағаттандырудан бас тартқан, өйткені бала 18 жасқа толғаннан кейін алимент талап ету құқығының иесі тікелей оның өзі болып саналады.

    Бұрын төленген оқу ақысын өтетудің орнына студент күндізгі бөлімде оқу кезеңіне ай сайынғы алимент өндіріп алу туралы талап қоя алады. Ал сырттай немесе қашықтан оқитын студенттерге алимент төленбейді.

    Сонымен қатар білім алып жатқан ел алимент беруден бас тартуға негіз болмайды. Яғни студент шетелде оқып жүріп те ата-анасынан алимент ала алады. Ең бастысы – оқу орнының қызметі заңнама талаптарына сәйкес болуы керек.

    Алимент туралы тағы нені білу қажет?

    Қазақстандықтар сотқа жүгінбей-ақ алимент ала алады. Ол үшін тараптар өзара келісім жасауы керек.

    Келісімде төлем мөлшері мен төлеу тәртібін өз бетінше белгілеуге болады. Сондай-ақ келісімді медиация арқылы рәсімдеп, сотта бекітуге мүмкіндік бар.

    Мысалы, Астанада тараптар студент 21 жасқа толғанға дейін ай сайын 25 000 теңге төлеу туралы келісім жасаған. Семейде де осындай тәртіппен ай сайын 12 АЕК мөлшерінде төлем жасау жөнінде келісілген.

    Тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, төлем мөлшерін қайта қарауға болады.

    Сот белгіленген соманы көбейтуге немесе азайтуға, сондай-ақ алимент төлеуден босатуға құқылы. Ол үшін сотқа жүгініп, жағдайдың өзгергенін тиісті құжаттармен растау қажет.

    Бұдан бөлек, заңда кәмелетке толған баланың ата-анасына қарсы қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауы немесе отбасында «лайықсыз мінез-құлық» танытуы жағдайында алимент өндіріп алудан бас тарту мүмкіндігі қарастырылған.

    Алиментті қалай өндіріп алуға болады?

    Алимент өндіріп алу үшін студент күндізгі бөлімде оқитынын растап, өзі сұрайтын төлем мөлшерін негіздеуі қажет.

    Істің мән-жайына байланысты мынадай құжаттар қажет болуы мүмкін:

    • жеке куәлік;

    • оқу орнынан күндізгі бөлімде оқитыны туралы анықтама;

    • студенттің табысы мен шығындары туралы құжаттар;

    • тараптардың материалдық жағдайы туралы мәліметтер;

    • ата-анасының табысы мен міндеттемелері туралы құжаттар;

    • бұрынғы тұрмыс деңгейін растайтын құжаттар.

    Осылайша, Қазақстанда 18 жастан кейін де алимент алуға болады, бірақ ол үшін заңнама талаптарына сай болу қажет. Төлем кәмелетке толғаннан кейін автоматты түрде ұзартылмайды, ал оны өндіріп алу құқығы студенттің өзіне тиесілі.

    Алимент сотқа жүгінген күннен бастап тағайындалып, студент 21 жасқа толғанға дейін ғана төленетінін ескерген жөн. Сондықтан талап арыз беруді кейінге қалдырмаған дұрыс.

    Бұған дейін Қазақстанда алимент бойынша борышкерлердің табысын анықтауға көмектесетін жүйе іске қосылғаны туралы хабарланған болатын.

    Сондай-ақ алимент алушылардың алынған қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы есеп беруге міндетті емес екенін атап өткен жөн.

    Ал Қазақстанда жәрдемақы тағайындау кезінде алимент отбасының табысына қосыла ма деген сұрақтың жауабын тиісті материалдан оқуға болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұзынкөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары