Қазақстанда жалға алушыны тіркеуге байланысты пәтерден айырылып қалуға бола ма?

    Пәтер иесі жалға алушыларды тіркеуге міндетті. Тіркеу жалға алушыларға әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік береді, бірақ ол пәтер иесінің тұрғын үйіне меншік құқығын бермейді. Толығырақ NUR.KZ материалында.

    Көптеген пәтер иелері жалға алушыларды уақытша тіркеуден қауіптенеді. Біреулері жалға алушылар пәтердің бір бөлігіне үміткер болуы мүмкін деп қорықса, енді біреулері жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін оларды тіркеуден шығару қиын болады деп алаңдайды.

    Алайда бұл қауіптердің негізі жоқ. «Крыша» порталының хабарлауынша, жалға алынған тұрғын үйде тіркелу пәтерден үлес алуға құқық бермейді және жалға алушыны меншік иесіне айналдырмайды.

    Тіркеу пәтерге құқық бере ме?

    Заңгер Бақыт Қасымбековтің айтуынша, тіркеудің меншік құқығына ешқандай қатысы жоқ. Меншік иесі кез келген адамды тіркей алады, сондай-ақ басқа біреудің келісімінсіз оны тіркеуден шығара алады.

    Осылайша, уақытша тіркеу рәсімделгеннен кейін де жалға алушы пәтерден үлес алмайды. Жылжымайтын мүлікті сату, сыйға тарту немесе кепілге қою құқығы меншік иесінде қалады.

    Жалға алушыға тіркеу не үшін қажет?

    Уақытша тіркеу адамның тұрғылықты жерін растайды және қажетті әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Мысалы, ол баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру, сондай-ақ емханаға тіркелу үшін қажет болуы мүмкін.

    Бұдан бөлек, адамның нақты тұратын жері туралы мәліметтер көші-қон, құқық қорғау және салық органдарына қажет.

    Пәтер иесі жалға алушыларды тіркеуге міндетті ме?

    Егер меншік иесі пәтерін жалға беріп, онда жалға алушылар тұрса, оларды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді қамтамасыз етуге міндетті.

    Жалға алу кезінде уақытша тіркеу рәсімделеді, ал тұрақты тіркеу бұрынғы мекенжайы бойынша сақталады.

    Уақытша тіркеу бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге рәсімделеді. Егер жалға алушы басқа мекенжайға көшіп, сол жерде тіркелсе, бұрынғы тіркеуі автоматты түрде тоқтатылады.

    Егер тіркеу мерзімі аяқталып, жалға алушы пәтерде тұруын жалғастырса, тіркеуді қайта рәсімдеу қажет.

    Тіркеусіз тұрғаны үшін қандай айыппұлдар қарастырылған?

    Жалға алушы тіркеусіз тұрған жағдайда тұрғын үй иесіне де, жалға алушының өзіне де айыппұл салынуы мүмкін.

    Тұрғын үй иесіне салынатын айыппұл:

    • 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 43 250 теңге;

    • бір жыл ішінде қайталап бұзушылық жасалған жағдайда 20 АЕК, яғни 86 500 теңге.

    Егер меншік иесі пәтерден көшіп кеткен жалға алушыны тіркеуден шығармаса, айыппұл 5 АЕК немесе 21 625 теңгені құрайды.

    Жалға алушыға салынатын айыппұл:

    • 7 АЕК, яғни 30 275 теңге;

    • бір жыл ішінде қайталап бұзушылық жасалған жағдайда 13 АЕК, яғни 56 225 теңге.

    Маңызды: Астана мен Алматы қалаларында тіркеуге қатысты шектеу енгізілген: бір адамға пәтердің жалпы ауданының кемінде 15 шаршы метрі тиесілі болуы керек. Мысалы, жалпы ауданы 30 шаршы метр пәтерде жалпы ереже бойынша екі адамды тіркеуге болады. Егер онда екі адам тіркеліп қойған болса, үшінші бөгде адамды тіркеуден бас тартылуы мүмкін.

    Жалға алушыны қалай тіркеуге болады?

    Уақытша тіркеу меншік иесінің келісімімен онлайн рәсімделеді. Ол үшін:

    1. Жалға алушы уақытша тіркелуге өтініш береді.

    2. Меншік иесінің ЖСН-ін және тіркеу мерзімін көрсетеді.

    3. Меншік иесі тіркеуге келісімін растайды.

    4. Екі тарап та өтінішке электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қол қояды.

    Қызмет тегін көрсетіледі және әдетте 15 минуттан аспайды. Оны электрондық үкімет порталы, eGov Mobile, банк қосымшалары немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы рәсімдеуге болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ұзынкөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары