Қазақстанда зейнетақы төлемдері мен жерлеуге арналған жәрдемақыны рәсімдеу тәртібі өзгереді. Жаңа ережелер құжаттардағы қателерді өтінішті басынан бастап қайта тапсырмай-ақ түзетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстанда зейнетақы төлемдерін тағайындау қағидалары жаңартылады. Өзгерістер жасына байланысты зейнетақыны, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны рәсімдеуге қатысты. Тиісті бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев қол қойды.
Жаңашылдықтардың бірі зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға қатысты. Олар бір өтініш арқылы бірден үш төлем түріне өтініш бере алады: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы жинақтары, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және жасына байланысты зейнетақы. Бұл тәсіл композиттік қызмет деп аталады.
Қателерді түзетуге қанша уақыт беріледі?
Өтінішті немесе құжаттарды тексеру кезінде қателер, дәлсіздіктер не белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталса, құжаттар цифрлық күту парағы арқылы қабылдануы мүмкін. Өтініш берушіге мемлекеттік қызмет көрсетудің тоқтатыла тұрғаны туралы хабарлама беріледі.
Кемшіліктерді түзету үшін мынадай мерзімдер қарастырылған:
жасына байланысты зейнетақыны тағайындау үшін – 10 жұмыс күніне дейін;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін – 8 жұмыс күніне дейін.
Бұл уақыт өтінішті қараудың жалпы мерзіміне қосылмайды.
Егер өтініш беруші белгіленген мерзімде қателерді түзетсе, құжаттар қабылданған күн ретінде алғашқы өтініш берген күні есептеледі. Кемшіліктер жойылғаннан кейін өтінішті қарау қайта жалғасады.
Егер қателер уақытында түзетілмесе, құжаттарды қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.
Қандай жағдайларда бас тартылуы мүмкін?
Қағидаларда өтінішті қабылдаудан бас тартуға негіз болатын жағдайлар да көрсетілген. Олардың қатарында құжаттар топтамасының толық болмауы, қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімінің аяқталуы, жеке деректердің сәйкес келмеуі және зейнетақы тағайындауға құқықтың болмауы бар.
Сондай-ақ өтініш беруші төлемдерді рәсімдеу үшін қажетті, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісім бермеген жағдайда да бас тартылуы мүмкін.
Өтініш қанша уақыт қаралады?
Зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері өзгеріссіз қалады:
жасына байланысты зейнетақыны тағайындау үшін – 10 жұмыс күні;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау үшін – 8 жұмыс күні.
Уәкілетті орган іс материалдарының электрондық макеті түскеннен кейін шешім қабылдайды. Жасына байланысты зейнетақыны тағайындауға арналған құжаттарды қарауға бес жұмыс күні, ал базалық зейнетақы төлеміне төрт жұмыс күні беріледі.
Жерлеуге арналған жәрдемақыны рәсімдеу тәртібі қалай өзгереді?
Бұйрық республикалық бюджет есебінен төленетін жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақыны тағайындау қағидаларына да қатысты. Бұл төлемді алу үшін Мемлекеттік корпорация, электрондық үкімет порталы немесе ұялы телефон арқылы проактивті қызмет арқылы өтініш беруге болады.
Қателер анықталса немесе құжаттар жеткіліксіз болса, өтініш берушіге кемшіліктерді түзетуге уақыт беріледі. Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш берген кезде бұл мерзім үш жұмыс күніне дейін, ал портал арқылы өтініш бергенде бір жұмыс күніне дейін болады.
Төлемді тағайындау мұқтаждық қағидатына сәйкестікке де байланысты болады. Өтініш берушінің әлеуметтік жағдайын бағалау үшін Отбасының цифрлық картасының деректерін пайдалану көзделген.









