«Мал ұрлығы» ЖПІШ: Абай облысында сегіз қылмыстық топ анықталып, өткен жылдардағы бес мал ұрлығы ашылды

    Абай облысында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Екі күн ішінде полицейлер 100-ден астам автокөлікті, мал мен ет өнімдерін сататын 28 орынды, сондай-ақ 76 шаруа қожалығын, ферманы және мал жайылымындағы қашықтағы нысанды тексерді.

    Тексерулер мал ұрлығының алдын алуға, жануарларды заңсыз тасымалдау деректерін анықтауға және ұрланған малды өткізуі мүмкін арналарды белгілеуге бағытталған.

    Жалпы, 2026 жылдың басынан бері өңірде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 31 адам ұсталып, сегіз қылмыстық топ анықталды. Мал ұрлығы қылмыстарының ашылу көрсеткіші 56,4%-дан 70,8%-ға дейін өсті.

    Жарма, Абай және Бесқарағай аудандарында топ болып мал ұрлады деген күдікке ілінген адамдар анықталды. Қазіргі уақытта полицейлер олардың басқа да ұрлықтарға, соның ішінде жәбірленушілер бұрын арызданбаған оқиғаларға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Өткен жылдардағы мал ұрлығының бес дерегі ашылып, осы істер бойынша тергеу өндірісі аяқталды.

    Ауылдық жерлердегі отбасылар үшін малдан айырылу көбіне негізгі табыс көзінен айырылумен тең. Сондықтан қылмыстарды ашумен қатар, мал ұрлығына ықпал ететін жағдайларды жоюға да ерекше көңіл бөлінуде.

    Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тәркіленген малды уақытша ұстауға арналған 131 мамандандырылған қораның жұмысы қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері мал жаю қағидаларын бұзудың 2 487 дерегі және ветеринариялық қағидаларды бұзудың 339 дерегі анықталды.

    Полиция мал иелерін жануарларды тұрақты бақылауда ұстауға және мал жоғалған жағдайда дереу «102» нөміріне хабарлауға шақырады. Уақытылы өтініш беру малды іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруға және оны алып кетудің ықтимал бағыттарын тексеруге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары