Алматы қаласындағы мектепте ішек инфекциясының тіркелуіне байланысты жедел шаралар қабылданды

    Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары арасында жіті ішек инфекциясының топтық жағдайы тіркелгені туралы хабарлаймыз.

    2026 жылғы 14 қазандағы жағдай бойынша аурудың 48 жағдайы тіркелді, оның ішінде 36 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Барлық науқас ауруханаға жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты. Реанимациялық көмекке мұқтаж науқастар жоқ. Ауру қоздырғышын анықтау үшін зертханалық зерттеулер жалғасуда.

    Эпидемиологиялық тергеу деректеріне сәйкес, науқастардың барлығы мектеп-интернатта тұрады. 225 байланыста болған адам медициналық бақылауға алынды, тағы 6 бала интернатта оқшауланды.

    «Master Food» ЖШС-нің ас блогын тексеру барысында санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптары сақталмаған. Су мен тамақ өнімдерінің сынамалары, шайындылар алынып, ас блогының қызметкерлері тексерілді.

    Мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды өткізуді тоқтатуды, уақытша санитариялық шараларды енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін айналымнан алып қоюды көздейтін 5 қаулы шығарылды. Интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілді.

    Тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.

    Кәсіпкерлерге санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттігін еске саламыз. Атап айтқанда, қызметті бастамас бұрын қажетті рұқсат беру құжаттарын алу, қызметкерлердің медициналық қарап-тексеруден уақтылы өтуін қамтамасыз ету, шикізатты тексерілген жеткізушілерден сатып алу, өнімдерді сақтау, дайындау және жеткізу шарттарын сақтау қажет.

    Үй-жайлардың ауданы жеткіліксіз болған жағдайда, технологиялық процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дайындалатын тағамдардың ассортиментін қысқарту қажет.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары