Жаппай тамақтан улану: себептері мен алдын алу шаралары

    Жаппай тамақтан улану - халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін жағдайлардың бірі. Ол құрамында патогенді микроорганизмдер, олардың токсиндері немесе басқа да қауіпті заттар бар тағам өнімдерін тұтыну салдарынан туындайды және бір мезгілде бірнеше адамның денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Әсіресе қоғамдық тамақтану объектілерінде, асханаларда, мерекелік іс-шаралар мен адамдар көп жиналатын орындарда мұндай жағдайлардың туындау қаупі жоғары.

    Тамақтан уланудың негізгі себептеріне сапасыз немесе қауіпсіздігі расталмаған шикізатты пайдалану, тағам өнімдерін сақтау температурасы мен мерзімдерінің бұзылуы, өнімдердің жеткіліксіз термиялық өңделуі, тағам дайындау технологиясының сақталмауы, сондай-ақ қоғамдық тамақтану объектілері қызметкерлерінің жеке гигиена қағидаларын бұзуы жатады. Сонымен қатар шикі және дайын өнімдерді өңдеу кезінде бірдей асүй құралдарын тиісті санитариялық өңдеусіз пайдалану да қауіпті факторлардың бірі болып табылады.

    Температуралық сақтау режимін қатаң сақтауды қажет ететін ет және балық тағамдары, майонез қосылған салаттар, сүт және кремді өнімдер, сондай-ақ бөлме температурасында ұзақ уақыт сақталған дайын тағамдар тамақтан уланудың туындау қаупін арттырады.

    Жаппай тамақтан уланудың алдын алу үшін тағам өнімдерінің айналымының барлық кезеңінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет. Қоғамдық тамақтану объектілерінің басшылары мен қызметкерлері сапалы және қауіпсіз шикізатты пайдалануды, тағам өнімдерін белгіленген температуралық режимде сақтауды, тағам дайындау технологиясын сақтауды және өнімдерді жеткілікті деңгейде термиялық өңдеуді қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар үй-жайларды, жабдықтар мен мүкәммалды уақтылы тазалау, жуу және дезинфекциялау, қызметкерлердің жеке гигиена қағидаларын сақтауына жағдай жасау, инфекциялық ауру белгілері бар адамдарды жұмысқа жібермеу маңызды.

    Тұрғындарға тағам өнімдерін тек арнайы белгіленген сауда орындарынан сатып алу, олардың жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарына назар аудару, қаптамасының бүтіндігін тексеру, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу ұсынылады. Иісі, дәмі немесе сыртқы түрі өзгерген тағам өнімдерін тұтынуға болмайды. Дайын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмаған жөн.

    Жүрек айну, құсу, іш өту, іштің ауыруы және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Өздігінен емделу денсаулық жағдайының нашарлауына және асқынулардың туындауына әкелуі мүмкін.

    Жаппай тамақтан уланудың алдын алу – қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылардың ортақ жауапкершілігі. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау, тағам өнімдерінің сапасын бақылау, оларды дайындау және сақтау кезінде жауапкершілік таныту халық денсаулығын қорғаудың және тамақтан уланудың алдын алудың маңызды кепілі болып табылады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары