Алматы қаласына іргелес аумақтар кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақтарға жатады. Бұл аумақтарда аталған қауіпті жұқпалы аурудың қоздырғышын тасымалдайтын иксод кенелері кеңінен таралған. Кенелердің маусымдық белсенділігі ерте көктемде басталып, күздің соңына дейін жалғасады. Кенелердің белсенділігі мамыр-маусым айларында жоғарылап, осы кезеңде кененің шағуына байланысты халықтың медициналық көмекке жүгіну көрсеткіші артады.
Кене энцефалиті – адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайтын және мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін вирустық жұқпалы ауру.
Кене энцефалитінің алдын алу кененің шағуын болдырмауға және жұқтыру қаупін төмендетуге бағытталған кешенді іс-шараларды қамтиды. Кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әдісі - вакцинация болып табылады.
Алматы қаласында вакцинацияны алдын ала дәрігердің кеңесінен өткеннен кейін тіркелген жері бойынша қалалық емханаларда алуға болады. Кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақтарда тұратын және жұмыс істейтін адамдарға вакцинация жүргізіледі.
Кене энцефалитіне қарсы вакцинация қолданылатын вакцинаның медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығында көрсетілген схемаға сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта Алматы қаласының медициналық ұйымдарында 16 жастан асқан адамдарды белсенді иммундауға арналған «ТикоВак» вакцинасы (өндіруші ел – Бельгия) бар. Вакцинацияның бастапқы курсы үш екпеден тұрады, одан кейін қалыптасқан иммунитетті сақтау мақсатында ревакцинация жүргізіледі.
Кене энцефалитінен уақтылы қорғануды қамтамасыз ету үшін вакцинацияны алдын ала, кенелердің маусымдық белсенділігі басталғанға дейін, қыс мезгілінде жүргізу ұсынылады. Вакцинаның медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес иммунизация жеделдетілген схема бойынша да жүргізілуі мүмкін.
Есіңізде болсын: ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған тиімді! Кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді жолы – уақтылы вакцинация алу.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









