Агроөнеркәсіп кешенінде егін жинау науқанын уақтылы аяқтауға, мал шаруашылығын дамытуға және сүт өндірісін ұлғайтуға ерекше назар аударылды. Биыл астық сапасы жоғары болады деп күтіліп отырғаны белгілі. Сондықтан да оны сақтау үшін, ішкі және сыртқы астық нарықтарының сұранысын қамтамасыз ету үшін өңір әкімдіктері Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, қолда бар элеваторлар мен астық қоймаларын толық жұмылдыруы қажет.
«Мал шаруашылығында пайдалануға берілген тауарлы сүт фермалары бойынша сүт өндіру көлемін осы жылдың соңына дейін жобалық қуаттың кемінде 70% деңгейінде қамтамасыз еткен жөн. Малдың генетикалық әлеуетін жақсарту үшін асыл тұқымды мал басын көбейту маңызды. Әзірге, бұл бағытта әкімдіктердің жұмысы көңіл көншітпейді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өңір әкімдіктеріне Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жеңілдетілген несиелердің мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Одан бөлек бірнеше айдан бері сусындар өндірісінің қарқыны төмендеп кеткені туралы сөз болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына өсімнің қосымша резервтерін анықтап, жағдайды тұрақтандыру бойынша тиімді шаралар қабылдау тапсырылды.









