Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталуға жақын: 23 млн тонна астық бастырылды, дәнді және бұршақты дақылдар алқаптарының 96%-ы жиналды. Майлы дақылдар өндірісі ерекше жоғары нәтижелерді көрсетіп отыр: бүгінгі күні өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп майлы тұқымдар жиналды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады.
Вегетация кезеңіндегі күрделі климаттық жағдайларға және бидай егісінің алаңын 1,8 млн гектарға жоспарлы қысқартуға қарамастан, астықтың жалпы түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады деп болжануда. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерден құрайды. Жоғары көрсеткіштер Алматы облысында – 53 ц/га, Түркістан облысында – 25,4 ц/га, Жамбыл облысында – 22,1 ц/га, Батыс Қазақстан облысында – 21,1 ц/га және Жетісу облысында – 27,1 ц/га деңгейінде тіркелді.
Вице-министрдің айтуынша, осы жылы астық сапасының жоғары екені байқалады: элеваторларға түскен бидайдың 72,4%-дан астамы үшінші сыныпқа жатады. Жекелеген өңірлерде сапалық көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Мысалы, Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді.
Қазақстандық астыққа деген жоғары сыртқы сұраныс та сақталуда. Осы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,1 млн тонна құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға жоғары.
«Майлы дақылдарды жинау жұмыстарының қарқыны да артып келеді. Бүгінгі таңда 3,7 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдар тұқымының рекордтық өнімі – 5 млн тоннадан асады деп күтілуде», — деді Азат Сұлтанов.
Саланың оң нәтижелеріне аграрлық секторды мемлекеттік қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және заманауи агротехнологияларды қолдану аясын кеңейту шаралары ықпал етуде. Осы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 750 млрд теңгеге дейін, сонымен қатар жеңілдетілген лизинг көлемін 350 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа егінді қабылдауға арналған элеваторлық инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ қант қызылшасын өңдеу мәселесі де көтерілді. Бүгінде төрт қант зауыты іске қосылды. Оның ішінде Жамбыл облысындағы кәсіпорында қызылшаны өңдейтін жаңа желі жұмыс істей бастады. Премьер-министр қант қызылшасын өңдеу кезінде жыл сайын туындайтын мәселелерге жол бермеудің маңыздылығын атап өтіп, бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.









