Қазақстан мен Бельгия білім беру мен ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады
Қазақстан-Бельгия ректорлар форумы аясында жоғары білім мен ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ көптілді академиялық коммуникацияны дамыту перспективаларына арналған жұмыс сессиясы өтті. Екі елдің университеттері мен ғылыми ұйымдарының өкілдері тәжірибе алмасып, бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сессияға Қазақстан мен Бельгия университеттерінің басшылары, ғылыми қауымдастық өкілдері және цифрлық технологиялар саласындағы сарапшылар қатысты. Қатысушыларға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Хасселт университетінің ректоры, Фламандия университетаралық кеңесінің президенті Бернард Ванхесден және Бельгияның французтілді университеттері ректорлары кеңесінің вице-президенті Франсуаза Сметс құттықтау сөз сөйледі.
Вице-министр Гүлзат Көбенова өз сөзінде жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті. Ол жасанды интеллектіні дамытуға, қазақстандық ғалымдардың халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысуына, сондай-ақ университеттер мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударды.
«Министрлік кадр даярлау және жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті жағдайларды белсенді түрде қалыптастырып келеді. Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – 100 мың студентті қамтитын, жасанды интеллектіні қолдану дағдыларын, кәсіпкерлік қабілеттерді дамытуға және DeepTech стартаптарын құруға бағытталған AI-Sana бағдарламасы. Сонымен қатар Horizon Europe бағдарламасы аясында Еуропалық одақпен ынтымақтастықты кеңейтіп келеміз. 2023 жылы құрылған Ұлттық үйлестіру орталығы еуропалық серіктестермен өзара іс-қимылды жолға қоюға және қазақстандық ғалымдардың зерттеу жобаларына қатысуына жәрдемдеседі.
Бүгінде Қазақстанда 12 елдің 30-дан астам шетелдік жоғары оқу орны жұмыс істейді. Бұл озық білім беру тәжірибелерін енгізуге және ғылыми байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – ғылыми жаңалықтарды инновациялық шешімдерге айналдыру үшін университеттер, ғылым және өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл Қазақстан мен Бельгия үшін жасанды интеллект және озық зерттеулер саласындағы серіктестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сонымен қатар 2029 жылға қарай білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша пәндерді енгізген жоғары оқу орындарының үлесін 60%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті вице-министр.
Жұмыс сессиясы жасанды интеллектінің заманауи университеттік ортаға ықпалының негізгі қырларын қамтитын үш тақырыптық бағыт бойынша өтті.
Бірінші тақырыптық бөлім білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне арналды. Баяндамалармен Хасселт университетінің ректоры, Фламандия университетаралық кеңесінің президенті Бернард Ванхесден және Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйледі. Қатысушылар жасанды интеллектінің жоғары білімді трансформациялаудағы рөлін, оқыту әдістерін жетілдіру және студенттер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Екінші тақырыптық бөлім жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерде қолдануға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге арналды. Horizon Europe Kazakhstan ұлттық үйлестірушісі Әлия Сембаева мен Ғылыми зерттеулер қорының бас хатшысы Вероник Аллуэн зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен бірлескен ғылыми бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған баяндамаларын ұсынды.
Жасанды интеллектіні қолдану жаңа зерттеу тәсілдерін дамытуға, деректерді өңдеуді жеделдетуге және күрделі ғылыми міндеттерді шешу жолдарын іздеуге ықпал етеді. Осы тұрғыда халықаралық серіктестік ерекше маңызға ие. Ол сарапшылық әлеуетті біріктіруге, білім алмасуға және ғылыми ұжымдардың бірлескен жобаларға қатысуына мүмкіндік береді. Қазақстан мен Бельгия университеттерінің өзара іс-қимылы ғылыми байланыстарды нығайтуға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға және екі ел ғалымдарының халықаралық ғылыми бастамаларға қатысу аясын кеңейтуге жол ашады.
Үшінші тақырыптық бөлім жасанды интеллектінің тілдік білім беру мен академиялық коммуникацияға ықпалына, сондай-ақ цифрлық құралдарға деген сенім мен адам сараптамасының рөлін сақтау мәселелеріне арналды. Баяндамалармен Монс университетінің ректоры Лоран Лефевр және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің «Industrial AI» құзыреттер орталығының жетекшісі Руслан Четтыкбаев сөз сөйледі. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын тіл үйренуде, аударма жасауда, академиялық өзара іс-қимылда және түрлі тілдік қауымдастықтар арасында білім алмасуда қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Сессияның қорытынды бөлігінде сұрақ-жауап форматында пікір алмасу өтті. Қатысушылар талқыланған мәселелер бойынша ой бөлісіп, алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын айқындады.
Форумның маңызды практикалық нәтижелерінің бірі Қазақстан мен Бельгияның университеттері мен ұйымдары арасында 20-дан астам құжатқа қол қою болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар институционалдық байланыстарды нығайтуға, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Жұмыс сессиясы жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде жоғары білім мен ғылымның болашағына қатысты Қазақстан мен Бельгия арасындағы диалогтың жалғасы болды. Жаңа технологияларды қолданудың практикалық қырларын талқылау және қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің академиялық және ғылыми қауымдастықтары арасындағы серіктестікті одан әрі кеңейтуге негіз қалайды.









