Қазақстан ФАО-ның Римдегі су диалогында тозған жерлерді қалпына келтіру тәжірибесін таныстырды

    1 / 4

    Қазақстан тозған ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіру, топырақты қорғау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жер мен су ресурстарын ұтымды басқарудың озық тәсілдерін енгізу бағытындағы ұлттық тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Рим қаласындағы штаб-пәтерінде өткен Римдегі су диалогының техникалық отырысында айтылды.

    «Тозған ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіру: су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы саясаттан нақты іске дейінгі инновациялық шешімдер» тақырыбындағы отырыс 2026 жылғы Дүниежүзілік азық-түлік форумы аясында өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми орта мен жеке сектордың өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты.

    Отырыс барысында Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы топырақты қорғау, тозған жерлерді қалпына келтіру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын таныстырды.

    «Қазақстан үшін жерді қалпына келтіру — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, су қауіпсіздігінің де негізі. Топырақ пен су ресурстарының жай-күйі өзара тығыз байланысты. Сондықтан біз топырақты қорғау мен қалпына келтіруді стратегиялық міндет ретінде қарастырамыз. Біздің ұстанымымыз бойынша, жаңашылдық тек технологияға ғана емес, сонымен бірге тиімді саяси шешімдерге, мемлекеттік институттардың нәтижелі жұмысына және нақты деректерге байланысты», — деді Ермек Кенжеханұлы.

    Жерді қорғаудың құқықтық негіздерін нығайту жолындағы маңызды қадамның бірі — Қазақстан Республикасы Президенті «Топырақты қорғау туралы» заңға қол қойды. Бұл — еліміз тарихында топырақты қорғау мәселелеріне арналған алғашқы дербес заң. Құжатта топырақтың жай-күйі мен сапасына, эрозияға және топырақ ресурстарын ұтымды пайдалануға қатысты негізгі ұғымдар айқындалып, топырақтық, агрохимиялық және мелиорациялық зерттеулер жүргізудің құқықтық негіздері белгіленді. Сонымен қатар жер пайдаланушылардың топырақты сақтау және оның құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі міндеттері күшейтілді.

    Заңнаманы жетілдірумен қатар, Қазақстан жердің жай-күйін бақылауға және бағалауға арналған цифрлық құралдарды да дамытып келеді. 2023 жылы елімізде жерлерді зерттеуге мамандандырылған институт құрылды. Оның негізгі міндеті — жердің жай-күйін бағалау және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті цифрлық деректер қорын қалыптастыру.

    Қазіргі уақытта 53,5 млн гектар аумақты қамтитын жердің тозу карталары әзірленді. Цифрлық деректер жердің тозған учаскелерін дер кезінде анықтауға, ондағы өзгерістерді бағалауға және әр аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып, қалпына келтіру шараларын нақты белгілеуге мүмкіндік береді.

    Қазақстанда 2024–2030 жылдарға арналған топырақты қалпына келтіру және оның құнарлылығын арттыру жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 17 өңірлік жол картасы әзірленген. Су және жел эрозиясының алдын алу шаралары 2 млн гектардан астам жерді қамтиды.

    Жайылымдарды қалпына келтіруге, оның ішінде көпжылдық шөптер егу арқылы олардың өнімділігін арттыруға айрықша мән беріледі. Бұл бағыттағы жұмыстар Жайылымдық жерлер мен малшылардың халықаралық жылы аясында да ерекше маңызға ие. Бұған қоса, 2025 жылғы қарашада көміртекті егіншілікті дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Оның мақсаты — топырақты қорғауға бағытталған агротехнологияларды кеңінен енгізу және топырақ құрамындағы органикалық заттардың мөлшерін арттыру.

    Отырыс барысында Қазақстанның ФАО-мен ынтымақтастығына да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта тараптар топырақтағы органикалық көміртек мөлшерін бақылау, есепке алу және нәтижелерін тексеру жөніндегі ұлттық жүйені құру жобасын әзірлеуде. 2026 жылғы наурыздан 2027 жылғы желтоқсанға дейін іске асыру жоспарланған жоба қазір дайындық кезеңінде.

    Жоба аясында цифрлық геопортал құру, зертханалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, төрт пилоттық алаң ашу, ұлттық әдістемелер әзірлеу, сондай-ақ кемінде 80 маман мен 500 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіні оқыту көзделген.

    Ұлттық жүйенің құрылуы топырақтың жай-күйін ғылыми негізде бағалауға қажетті ақпараттық және әдістемелік мүмкіндіктерді кеңейтуге, жерді пайдалану тәсілдерін жетілдіруге және ауыл шаруашылығында табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған тұрақты тәжірибелерді кеңінен қолдануға жол ашады.

    «Жердің тозу салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды. Қабылданатын шешімдер нақты деректерге және тұрақты мониторинг нәтижелеріне негізделуі керек. Топырақты қорғау — мемлекетке, ғылымға және жер пайдаланушыларға ортақ жауапкершілік жүктейтін міндет. Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге және ФАО-мен, сондай-ақ басқа елдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын», — деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.

    Римдегі су диалогы су ресурстарын кешенді басқару тәсілдерін дамытуға, су ресурстарын басқару, жерді пайдалану және топырақты қорғау арасындағы байланысты нығайтуға арналған халықаралық алаң саналады.

    Тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және озық шешімдерді енгізу табиғи ресурстарды сақтауға, агроазық-түлік жүйелерінің орнықтылығын арттыруға және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары